Украинада жарық жиі өшетін болды

Зымыраннан қатты зақымданған қуат нысандарына түсетін қысымды азайту үшін Киев қаласында жарықты өшіру жиіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдарынан соңғы екі аптада қаладағы жол апаты 25 процентке артқан. Әсіресе кешкі мезгілде жаяу жүргіншілерді қағып кету дерегі көбейді. Украина Ұлттық энергетикалық компаниясы Киевтегі жарықты сөндірудің жаңа кестесін ұсынды, ережеге сай қаладағы нысандарды қуат көзінен күніне үш ретке дейін өшіру қарастырылып отыр. Меже – қуат желісіне түсетін жүктемені азайтып, электр тұтынуды 250 МВт-қа дейін төмендету. Алайда мұндай үнем шаһардағы көлік жүргізушілеріне үлкен ауыртпашылық тудырды, өйткені түн мезгілінде жарықтың жоқтығынан апат соңғы екі аптада жиырма бес процентке артқан.

Виталий Разум, қала тұрғыны:

– Қала бойынша жарықтың өшуі жиіледі. Әсіресе көлік жүргізу қиындады, салдарынан жолдағы апаттың артқанын көріп жүрміз. Көше шамдары әлсіз, мұндайда жаяу жүргіншілерді көру тіпті мүмкін емес.

Қалалық патрульдік полицияның мәліметі бойынша 10 мен 23 қазан аралығында 51 жаяу жүргінші қайтыс болған. 38 адамның ажалы түнде тіркелген. Жарығы жоқ қап-қараңғы қалада қара киінген жаяу жүргіншіні жүргізушілер небәрі 10-18 метрден бір-ақ көреді. Сондықтан полиция тұрғындарды кешкі мезгілде ашық түсті не жарық беретін элементтері бар киім киюге шақырады. Мұндайда жүргізуші жаяу жүргіншіні 130 метрден көретін болады.

Анна Нацевич, көлік жүргізуші:

Қаладағы көп ауданда бағдаршам жұмыс істемейді. Міне, жолда келе жатып, бірнеше апатты көзіммен көрдім.

Украина билігінің мәліметі бойынша зымырандық атқылаудың салдарынан елдегі энергетикалық инфрақұрылымның қырық процентке жуығы қатты зақымданған. Оларды жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, елдің барлық облысында жарықты өшіру жиіледі. Киевтің өзінде үш күн бұрын бір миллионға жуық тұрғын жарықсыз қалды.

Авторы: Аида Қыдырбай