АҚШ Киевке қаржылай көмек көрсетеді

Америка Құрама Штаттары Украинаға тағы 25 млн доллар көлемінде көмек көрсетеді.

Қаражат алдағы қыс мезгілінде халыққа демеу болу үшін жұмсалмақ. АҚШ-тың Халықаралық Даму агенттігі гуманитарлық жәрдем алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді. Бұған дейін де бұл агенттік Киевке аймақтағы жылумен қамтамасыз ету нысандарына 55 млн доллар және 216 млн доллар гуманитарлық көмек ұсынғанын хабарлаған еді.

Линда Томас-Гринфилд, АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі:

- Алда қыс мезгілі. Халықтың қуат көзіне зәру екенін түсінеміз. Ресей болса, Украинаның энергетикалық инфрақұрылымына шабуылын жалғастырып жатыр. Біз Украина халқының жаурап, аш отыруына жол бермейміз. Сондықтан АҚШ-тың Халықаралық Даму агенттігі аймаққа 25 млн доллар бөлетін болады.