Түркия АҚШ-тың көңіл айтуын қабылдамады

Түркия кешегі терактіге байланысты АҚШ елшілігінің көңіл айтуын қабылдамайды.

Елдің ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ Сирияның Кобани аймағында орналасқан лаңкестік ұйымға қолдау жасап отыр. Әзірге ешбір топ жауапкершілікті өз мойнына алмаған. 

Истикляль даңғылындағы жарылыстан 6 кісі опат болып, 80-нен астам адам зардап шекті. Ауыр жараланғандар дәрігерлердің жіті бақылауында. Түрік билігі оқиғаны теракт деп атады. 

Жергілікті арналардың хабарлауынша ұсталған күдіктінің аты- жөні Ахлам Албасхир. Ол осы терактіні жасау үшін Сириядан Түркияға 4 ай бұрын келген екен.Полиция тергеу барысында тағы 46 күдіктіні құрықтады. 

Сүлейман Сойлу, Түркия Ішкі істер министрі:

- Операциялар жалғасуда. Лаңкестер қолға түсті. Егер ұсталмағанда бүгін Грекияға қашуды жоспарлапты. Бұл оқиғаға бізден қарымта жауап болады.

Оқыс оқиға болған жерге қала тұрғындары мен қонақтары гүл шоқтарын қойып, жарылыста қаза тапқандарды еске алды. Рәсімге келген ішкі істер министрі, Ақ үйдің жағдайға байланысты айтқан көңіл айтуын қабылдамайтынын жеткізді. Себебі: 

Сүлейман Сойлу, Түркия Ішкі істер министрі:

- АҚШ елшілігінің көңіл айтуын қабылдамаймыз. Олар Кобани лаңкестік аймағына қолдау көрсетіп отыр. Түркияның тыныштығын бұзуға бағытталған ұйымға қаражат жолдаған мемлекетпен одақтастығымызды  қайта қарастыру қажет.

Шабуыл кезінде үш отбасының екі мүшесінен тұратын алты түрік азаматы қаза тапты. Жауапкершілікті ешбір топ өз мойнына алған жоқ. 

Месут Бал, дүкенші:

- Дүкенде тұрған ұлым қоңырау шалып, келуімді өтінді. Ол жарылыс болғанын айтты. Зәре-құтым қалмады. Жарылыстан қашқан адамдар, сыртта тауар жинап жүрген ұлымды соғып кеткен.

Терактіде қаза тапқандар арасында қазақстандықтар жоқ. Оқыс оқиғадан кейін Бас Консулдықта жедел желі жұмыс істеп, жергілікті билікпен тығыз байланыста болды. Ыстамбұлдағы Бас консул Әлім Байелдің айтуынша, азаматтар адамдар көп шоғырланатын жерлерге бармаған жөн. 

Әлім Байел, Қазақстанның Ыстамбұлдағы бас консулы:

- Кеше болған оқиғадан кейін Ыстамбұлдың губернаторы мен түріктің билік органдарымен үнемі байланыста болдық. Дипломаттарымыз тиісті ауруханаларды түнде аралап шықты. Қазіргі таңда зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтарының жоқ екенін айта аламыз. Сонымен бірге жалпы азаматтарымыздан шетелде жүргенде барынша сақ болуды сұраймыз.

«Күрдістан жұмысшы партиясы» түрік мемлекетіне қарсы 1984 жылдан бері көтеріліс жасап келеді. Салдарынан 40 мыңнан астам адам ажал құшты. Оның басым көпшілігі күрттердің террорлық ұйымының содырлары. Топты Түркия, Еуропалық Одақ және АҚШ террорлық ұйым тізіміне енгізген. Ресми Анкара Сириядағы YPG-дің «Күрдістан жұмысшы партиясы» сепаратистік ұйымының қанаты екенін айтады.