Украина мен Ресей арасындағы «Астық келісімі» 4 айға жалғасады

Украина мен Ресей арасында жасалған «Астық келісімінің» мерзімі 4 айға ұзартылды. Бұл туралы «Франс-Пресс» агенттігі хабарлайды.

Тиісті келісімге биыл 22 шілдеде қол қойылған. Оған сәйкес қарулы қақтығыс салдарынан Украина кемежайларында жиналып қалған астық өзге елдерге қауіпсіз дәліз арқылы экспортталады. Келісімнің орындалуын Түркия тарабы және БҰҰ-ның өкілдері қадағалайды. Бұл әлемде азық-түлік дағдарысын реттеу үшін жасалды.
Алайда жақында Ресей келісімнен шыққан. Көрші елдің өкілдері Қара теңіз порттарындағы кемелеріне дрондармен шабуыл жасалғаннан кейін осындай шешім қабылдағандарын айтқан. Бірақ бірнеше күннен соң уағдаластықтың іске асырылуын жалғастыратын болды. Құжатқа қол қойылған 4 ай ішінде Украинадан 500-ге жуық кеме жолға шығып, 11 млн тоннадан аса астық тасымалданған.