Иран уран байытуды ұлғайтты

Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі ахуал қайта шиеленісті.

Оған Тегеранның тағы бір нысанда уранды байытуды ұлғайтуы себеп. Батыс елдері жергілікті биліктің қадамын сынға алды. Сонымен қатар, халықаралық қауымдастықты Солтүстік Кореяның зымыран ұшыруды жилетуі де алаңдатып отыр. Жақында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бас қосып, Пхеньянды арандатушылық әркеттерден бас тартуға шақырды.

Иран Фордо қаласындағы атом электр станциясында уранды 60 пайызға дейін байытуды қолға алған. Ресми Тегеран бұған дейін уранды көп мөлшерде тек Натанз шаһарында байытып келген еді. Бірақ  БҰҰ-ның Атом электр энергиясы жөніндегі агенттігі бұған алаңдаушылық білдіріп отыр. 

Рафаэль Гросси, БҰҰ Атом электр энергиясы жөніндегі агенттіктің бас директоры:

- Егер елде ядролық бағдарлама болса сол мемлекет белгілі тәртіпке бағынуы тиіс. Ал Иранның бағдарламасы өте ауқымды. Сондықтан бұл істе қандай да бір күдік туғазатын жағдайлар тіркелсе, оны түсіндіруге міндетті.

Иранның ядролық бағдарламасына қатысты 2015 жылғы келісім-шартты қалпына келтіру бойынша талқылаулар да нәтиже бермей келеді. АҚШ билігі Тегеранмен екі жақты келіссөз жүргізіп жатқанымен қайшылықтар көп екнін айтады. Ал ЕуроОдақ Ирандағы толқуларға қарамастан келісімді қайта жандандырып, ядролық бағдарламасын бақылауда ұстауға шақырып отыр.

Анналена Бербок, Германия Сыртқы істер министрі:

- Иран ядролық келісімді үнемі бұзып, ондағы міндеттерді орындамай отырғаны белгілі. Қазір жергілікті билік халық наразылығын күшпен басып жатыр. Біздің Иранның ядролық бағдарламасын шектеп, қатаң бақылауда болғанын қалауымыздың бір себебі де осы.

БҰҰ Пхеньянды келіссөзге шақырды

Халықаралық қауымдастықты алаңдатып отырған тағы бір ел - Солтүстік Корея. Пхеньян соңғы айларда зымыран ұшыруды жиілеткен. АҚШ бастаған бірқатар ел Солтүстік Корея ядролық қаруды сынауға дайындалып жатыр деп күдіктенеді. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мәселеге қатысты жақында бас қосып, Пхеньянды келіссөзге шақырды.

Линда Томас-Гринфилд, АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі:

- Құрама Штаттар мәселені дипломатиялық жолмен шешуге дайын. Біз Солтүстік Кореямен ешқандай талапсыз кездесуге әзірміз. Алайда Пхеньян ұсынысымзды аяқсыз қалдырып, зымыран сынауды жалғастырып келеді. Сондықтан Қауіпсіздік кеңесі бұған қатысты бір шешім қабылдауы тиіс.

Ал Австралия билігі АҚШ және Ұлыбританиямен бірлесіп атом сүңгуір қайықтарын салуды жалғастыратынын мәлімдеді. Үш елдің серіктесітігі Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты құрылған болатын. Алайда сарапшылар бұл одақ аймақта Қытайдың әскери ықпалының күшеюіне қарсы тұру үшін қолға алынғанын айтады.