Франция мен Марокконың арасындағы кездесу жанкүйерлердің текетіресіне айналды

Марокколықтар еуропалық елде ең ірі диаспораның бірі. Саны 800 мыңға жуықтайды.

- Марокко командасы өте үлкен жетістікке жетті. Өзім футболды аса түсіне қоймаймын, бірақ газеттен олардың жартылай финалға шыққан алғашқы ел екенін оқыдым. Тіпті жеңілсе де, олардың абыройы асқақтайды.

- Марокко – жартылай финалға өтуге болатынын дәлелдеді. Керемет. Десе де Францияны жеңу оларға оңайға соқпайды.

Марокконың жетістігін ерлікке балап жатқандар көп. Әсіресе араб әлемі мен африка құрлығы ерекше масаттанады. Бірақ алдыңғы чемпионаттың жеңімпазы - француздар олардың қадамын аштырмады.

Көпшілік матч қалай аяқталады деп емес, кездесуден кейінгі жағдай қалай болады деп бас қатырған сияқты. Парижде полицейлердің саны жанкүйелерден де кем болған жоқ. Қауіпсіздік шаралары өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Елисей алаңында тәртіпсіздік бола қойған жоқ. Даңғылда француз тулары қаптап кетті.

- Мароккоға болысып едім, көңіл күйім түсіп қалды. Олар осы жолы жаман ойнаған жоқ. Бірақ Франция жеңісті жұлып алды. Үшінші рет чемпиондық атаққа лайықты деп ойлаймын.

- Біз бәрібір француз болып қаламыз. Әдемі ойын болды. Марокко тарихта қалды. Францияның жеңісін армансыз тойлаймыз. Қуанышымызда шек жоқ.

Енді француздар чемпион атану үшін, ал марокколықтан қола медальға таласады.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан