ЕО ортақ аймақта сатылатын газдың шекті бағасын бекітті

ЕО ортақ аймақта сатылатын газдың шекті бағасын бекітті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шешімге ұйымға мүше кей елдер қарсы. Бірақ реттеу механизм көгілдір отын құны шарықтаған жағдайда қолданылатын болып шешілді. Ал Ресей болса газ тасымалдауды Шығысқа арттыратынын айтып отыр.

Брюссельдегі кездесуде аймақтағы көгілдір отынның шекті бағасы 1 мегаватт-сағат үшін 180 еуро деп бекітілді. Жаңа ереже келер жылдың 15-ші ақпанынан бастап күшіне енеді. Ал бағаны реттеу тетігі егер Голландиядағы сауда алаңында газ құны 3 күн бойы осы межеден түспесе іске қосылады. Одақ өкілдері бұл тұтынушыларды тарифтің шарықтауынан сақтайды деп

Йозеф Сикела, Чехияның Өнеркәсіп және сауда министрі:

- Бүгін біз одақ азаматтарын газ бағасының өсуінен қорғайтын тиімді механизмді қабылдадық. Ол биыл жазда ұйым аумағында орын алған газ дағадрысын болдырмауға бағытталған. Келісімде еуропалық нарықтың бәсекелестігін сақтайтын қауіпсіздік шаралары да ескерілді.

Дегенмен газдың шекті бағасын енгізуді Одақтың мүше елдердің кейбірі қолдамады. Мысалы, Австрия мен Нидерланды мәселені дауысқа салу кезінде қалыс қалды. Ал Венгрия мұндай шешімге тіпті қарсы шықты. Ресми Будапешт шара елдің энергетикалық қауіпсіздігіне кері әсер ететінін айтады. 

Петер Сийярто, Венгрияның Сыртқы істер министрі:

- Бізге бұл келісім тиімсіз. Себебі, Ресеймен ұзақ мерзімді келеісім-шартты өзгерту бойынша әрекетіміздің шектелмегенін қалаймыз.

Газ қабылдайтын терминалды іске қосты

Германияда сұйытылған табиғи газды қабылдайтын алғашқы терминал ашылды. Теңізде қалқып тұратын зауыт неміс елінің көгілдір отын қажеттілігінің 6 пайызын өндіретін болады. Ресми Берлин осылайша Ресей шикізатына тәуелділікті азайтып, Еуропаны қыспаққа алған энергетикалық мәселені шешуге ниетті.

Олаф Шольц, Германия канцлері:

- Біз сұйытылған табиғи газға арналған терминал саламыз дегенде, көбі бұған күдікпен қараған еді. Жыл соңына дейін үлгермейсіңдер деді. Алайда бұл қолымыздан келді. Бүгін тек біздің еліміз үшін айтулы күн. Неміс экономикасы нарықтағы қиынықтарды еңсере алатынын тағы да дәлелдеді.

Ал Ресей көгілдір отынды шығысқа қарай тасымалдауды арттыруға ниетті. Бұл туралы жақында осы елдің президенті Владимир Путин мәлімдеді. Ресми Мәскеу газын Бейжің мен Анкараға сатапақ. Ал Еуропаға шикізатты электрондық сауда алаңы арқылы сатамыз деп отыр.  

Владимир Путин, РФ Президенті:

- Мұндай электрондық сауда алаңын бірнеше айдың ішінде құруға болады. Еуропалық тұтынушылар үшін газ бағасын осы жерде анықтайтын боламыз. Себебі, олардың сату алаңындағы ережесі ақылға қонымсыз.

Теңіз астымен энергия тасымалданады

Еуроодақ Ресейдің қазбалы отын түрлерінен бас тартып, энергия тасымалдауды әртараптандыру үшін түрлі жобаларды жүзеге асыруға күш салып жатыр. Жақында Бухаресте Әзербайжан, Грузия, Румыния және Венгрия Қара теңіз арқылы электрлі кабель салуға келісті. Ол кәрі құрлыққа Әзербайжанның жел электр станцияларында өндірілген энергияны тасымалдайтын болады.