Кличко Киевте бас шыршаның шамын жақты

Кличко Киевте бас шыршаның шамын жақты

Украинадағы қарулы қақтығыс пен қуат тапшылығына қарамастан кешке кешкісін Виталий Кличко Киевтегі бас шыршаның шамын жақты.

Қаладағы электр жетіспеушілігі 50 процентті құрап отыр, сондықтан шырша генератор арқылы, күніне 4 сағат қана жұмыс істейтін болады. 

София алаңында бой көтерген мына шыршаның бейбіт күндегі бейнесі келісті еді. Шамдары жарқырап, моншақтары төгіліп, алыстан менмұндалап тұратын. 

Биылғы соғыстың салдарынан елде мұндай молшылық атымен жоқ. Шыршаның биіктігі он екі метрге дейін қысқарған. Безендірілуі де тым жұпыны. Қуат тапшылығына байланысты электрді дырылдаған дизельді генератордан алып тұр. Шамдардың жартысы жанып, жартысы өшіп тұр. Десе де шыршаны ту түсіне безендіріп, балаларға аз да болса қуаныш сыйлағымыз келді, дейді Виталий Кличко. 

Виталий Кличко, Киев қаласының мэрі:

- Қоғамда шыршаға қатысты түрлі даудың өрбігені рас. Керек не керек емес деп дауласқандар болды. Дегенмен, біз балаларға жаңа жылдық көңіл-күй сыйлағымыз келді. Оның үстіне қазына қаражатынан ақша алынған жоқ, шыршаны жергілікті кәсіпкерлер өз ақшасына орнатты. 

Сары-көк түске боялған әрі төбесіне жұлдыз емес, Елтаңба орнатылған биылғы шыршаны жергілікті тұрғындар тамашалауға бала-шағасын ертіп келген екен. Арасында Киев тұрғындары ғана емес, қызу қақтығыс жүріп жатқан шығыс және солтүстік аймақтан арнайы келген  босқындар да көп. 

Алена, Запорожье облысының тұрғыны:

- Бала үнемі соғыс деген үрейде өмір сүрмеу керек. Біздің де ең басты міндетіміз баланы бақытқа бөлеу емес пе? Жаңа жыл алдында ғажайып, ертегі әлеміне енсін деп шырша жағу кешіне алып келдім ұлымды.

 Жарқ-жұрқ еткен шырша шамдарының орнына биыл қағаздан жасалған аппақ көгершін құстарын көруге болады. Бейбіт күннің келуін тілеп тұрған періште бейнесі де бар. Сондай-ақ Украинаға қиын сәтте көмектесіп келе жатқан мемлекеттердің тулары да әспеттеліп, шыршаға әшекей ретінде ілініпті. 

Аида Қыдырбай