Ресейде көлік тапшы

Жыл соңындағы есеп бойынша, жергілікті автодилерлердің қоймасында шетелдік бренд машиналардың 30 мыңға жуық данасы ғана қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Келесі жылы Ресей халқына 1 миллионға жуық көлік жетпей, тапшылық туындауы мүмкін.

Жыл басында Ресейдің автонарығында 60-қа жуық шетелдік көлік брендін табуға болатын. Ал, қазір содан тек 14-і қалды. Ресми дилерлердің қоймасында 20-30 мыңдай ғана жаңа көліктер бар. Бұл шамамен 1 айға жетеді, дейді сарапшылар.

Максим Шишко, автосарапшы:

- Жылдың I тоқсанында жасаған ең пессимистік болжамдар орындалды. Осы жыл 650-700 мың жаңа автомобиль деңгейінде жабылады. Бұл - іс жүзінде 2,5 есе төмен көрсеткіш. Өкініштісі, 2023 жылы да бұл салада оң өзгерістер болмайтыны анық. Ал, отандық брендтер есебінен аз ғана түзетулер болуы мүмкін.

Шетелден келетін көліктің азаюымен қатар тұтынушының төлем қабілеті төмендеді. Себебі темір тұлпардың бағасы аспандап тұр: премиум көліктердың құны 70 пайызға, ал қытайлық бренд көліктер 40 пайызға қымбаттаған. Сарапшылардың айтуынша, Қытайда 10 мың доллар тұратын авто Ресейде 3 есе жоғары бағаға сатылып жатыр. Осылайша, нарықтағы жалпы баға 2 жылда 3 пайыздан 26 пайызға өсті. Отандық брендтер де арзан емес.

Илья Ушаев, автосарапшы:

- Lada Westa-ның  қазіргі құны 2,7 миллион рубль тұрады. Оның бағасы бастапқыда 700 мың рубль еді. 3 миллион рубль Лада вестаға тұрарлық баға ма? Сонда, екі миллионды тек қымбатшылық елге келгені үшін үстеме төлеуге тиіс болып қалдық.

Шетелдік брендтер тасымалы азайған соң, ресейлік АвтоВАЗ компаниясының табысы артты. 2022 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорын 200 мың дана көлік сатқан. Алдағы жылы 500 мың бірлікке жеткізуді жоспарлап отыр. сондай-ақ биыл күзде  «Москвич» маркасының жаңа үлгісі сатылымға шықты. Алайда, ресейліктердің пікірінше, бұл – бұрынғы Renault зауытында жиналған қытайлық кроссовердің толық аналогы. Сұраныс болғанымен, жылдың соңына дейін Москвичтің тек 600 данасы жиналмақ. Сол себепті, ресейліктер сұр импорттан жаңа көлік іздейді. Келесі жылы автокөлік нарығындағы «параллель» импорт үлесі 30% - ға дейін жетуі мүмкін деген болжамдар бар.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров