Оңтүстік Кореяда экологиялық таза көліктер көбейеді

Оңтүстік Кореядағы экологиялық таза көліктер саны 2030 жылға қарай 4,5 миллионға жетеді.

Бұл туралы елдің экология министрлігі хабарлады. Ведомствоның ауаға бөлінетін зиянды заттарды азайту жоспары бойынша, 4 жылдан кейін дизельмен жүретін барлық көліктер мерзімінен бұрын кәдеге жаратылады. Сонымен қатар, ескі көліктердің кіруіне тыйым салатын аудандары бар мегаполистердің саны артып, алтауға жетеді. Қазір бұл ережелер астаналық аймақта, Пусан және Тэгу қалаларында ғана енгізілген. Сондай-ақ, көңнен энергия алу арқылы ауыл шаруашылығынан шығатын аммиак көлемін азайту жоспарланып отыр.

Пак Ен Дже, Кореяның қоршаған ортаны қорғау министрлігі бөлім басшысы:

- Бақылау мүмкіндігін жақсарту үшін 2024 жылға қарай біз арнайы спутник әзірлейміз, автокөлік шиналары сияқты шығарылатын залалды заттарды есептеу жүйесін жетілдіреміз және ауа сапасын болжаудың кореялық үлгісін жасаймыз.