Израильде Ресейден қоныс аударушыларға заңсыз төлқұжат бергендер анықталды

Израильде Ресейден қоныс аударушыларға заңсыз төлқұжат бергендер анықталды

Израильде Ресейден қоныс аударушыларға заңсыз төлқұжаттар берген қылмыстық топтар анықталып, тергеу жүріп жатыр.

Ауқымды операция барысында Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері мен делдалдар ұсталды.

Шулы іске қатысы бар деген күдікпен 10 адам қамауға алынды. Олар Ресейден жаңадан келіп жатқан азаматтарға төлқұжатты жылдам рәсімдеп берумен айналысқан. Ұсталғандар арасында Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері де бар.

Михаил Зингерман, Израиль полициясының өкілі:

- Қазір осы қылмысқа қатысты тергеу жүріп жатыр. Бірнеше күн бұрын 5 күдікті ұсталды. Олардың ішінде екі делдал мен көші-қон қызметінің 3 өкілі бар.

Полиция іс сыбайлас-жемқорлықпен байланысты екенін айтады. Ал Израильде мұндай заңсыз әрекет үшін жаза қатаң. Мәліметке қарағанда күдіктілер ресейліктерге Израиль төлқұжатын жылдам беру үшін түрлі айла тәсілге барған.

Михаил Зингерман, Израиль полициясының өкілі:

- Ресейлік азаматтар Израильге бір-екі күнге ғана келіп биометрлік төлқұжат рәсімдеген. Бұл заңсыз. Себебі, мұндай төлқұжатты алу үшін адам Израильде тұрақты тұруы қажет.

Мәселе ауқатты ресейліктерге қатысты болып отыр. Алаяқтық желіге қатысқан шенеуніктер олар үшін төлқұжат алу кезектер алдын ала қамдап, сол қызметтеріне ақша алып келген. Ал тергеушілер кезекке ілігу үшін әдетте көп уақыт керек екенін айтады.

Эфраим Танхиль, адвокат:

- Коронавирусқа байланысты израильдіктердің көбі төлқұжатын ауыстырмай келген еді. Ал індет аяқталып, шекара ашылған соң оларды жаңалауға талпынған тұрғындар қарасы күрт артты. Соның салдарынан жүйе мұндай жағдайға дайын болмай, көп қиындық туындады.

Бірақ осыған қарамастан алаяқтар мәселені айналып өтудің жолын табады. Олар электрондық қосымша арқылы кезекке көптеп тапсырыс беріп, кейін оларды сатады. Бір бөлігін өздерінің вип-клиенттеріне қалдырып отырады. Қазір тергеу алаяқтық жүйе бүкіл ел аумағында қолданылғанын анықтады. Ал Израильде мұндай жолмен алынған төлқұжаттар заңсыз деп танылып, жойылады.