Қырғызстанда фонограммамен ән айтуға тыйым салынды

Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігінің бұйрығы жыл басынан бастап күшіне енді.

Жанды дауыста ән шырқау – заңды міндет. Қырғызстанда енді тыңдарманды жалған дауыспен алдауға тыйым салынды. Әсіресе, мемлекеттік мекемелерде және бұқаралық іс-шараларда музыкалық суррогатты пайдалануға болмайды. Бұл бастамаға елдің танымал әртістері оң көзқарас танытты.

Ырыскелді Осмонқұлов, Қырғызстан еңбек сіңірген әртісі:

- Нағыз әртіс, әнші, музыкант, әрине, еңбектеніп, жанды дауыста әндерін орындауы тиіс. Концертінде әндерін ансамбльдің сүйемелдеуімен шырқауы керек. Плейбэк нұсқасын қолдануға болатын шығар. Яғни, кей жері алдын ала жазылған, қалғаны жанды дауыспен орындау. Бірақ маған толық шынайы нұсқа ұнайды.

Жаңа талап бойынша, фонограмманы пайдаланғаны үшін жауапкершілік іс-шараны өткізетін мемлекеттік мекеменің басшылығына жүктеледі.  Бұл елдегі барлық театр, спорт мекемелері, филармониялар, концерт залдары, тіпті, кітапханалар мен мұражайларға қатысты. Ал концерттік бағдарламалар мен мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу көбіне шенеуніктер ісі. Алайда, тәртіпті бұзғаны үшін қандай жаза күтіп тұрғаны әлі белгісіз.

Әділ Чекилов, Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі:

- Қазір тыңдарманның бәрі дерлік жанды дауысты концерттердің құнын түсінеді. Себебі, ол – көрермен үшін демалыс көзі. Ешкімді де алдай алмайсың, адал шығармашылық байқалып тұрады. Фонограммамен айтылған әннің ондай жоғары бағасы жоқ.

Той-томалақ, мерейтойларда фонограммамен ән айтуға бола ма деген сауалға әзірге жауап жоқ – Мәдениет Министрлігінің бұйрығында бұл туралы жазылмаған. Әртістер тарапынан туындаған тағы бір сауал – құқық бұзушыларды кім және қалай бақылайды? Себебі, Қырғызстанда фонограммамен ән айтуға тыйым салу мәселесі бірнеше жыл бойы талқыланып келеді. Енді заң қабылданған соң, жанды дауысты насихаттау идеясын жүзеге асыратын механизмнің қалай жұмыс істейтіні әзірге белгісіз.