Әскери ынтымақтастық – әскери әлеует тірегі
Осыны ескерген АҚШ пен Жапония бүгін өзара ынтымақтастықты нығайтуға келісті. Өз кезегінде Тайвань оңтүстіктен төнген қауіпке байланысты тағы да әскери жаттығу ұйымдастырды. Ал Үндістан болса, құты қашқан Кашмирде бақылауын күшейтуге кірісті.
Тайвань тағы да әскери жаттығу бастады
Тайвань тағы да әскери оқу-жаттығу жиынын бастады. Бұл жолы жауынгерлер аралдың оңтүстігінен шабуыл жасаған қарсыласпен ұрыс жүргізу іс-қимылдарын пысықтайды. Әскери қызметшілер тактикалық атыс жүргізу, әуе мен теңізде түрлі маневрлар жасау бойынша шеберліктерін шыңдайды. Арал қарулы күштерінің кезекті рет әскери жаттығу ұйымдастыруына Қытай ұшақтарының Тайвань төңірегінде ұшуы себеп болып отыр. Жуырда Тайваньның Қорғаныс министрлігі арал маңында 57 қытайлық ұшақты анықтағанын мәлімдеген еді.
Ынтымақтастық нығаяды
АҚШ пен Жапония қауіпсіздік саласында ынтымақтастықты нығайту бойынша жаңа келісімге келді. Бұл туралы қос елдің Сыртқы істер және Қорғаныс министрлері хабарлады. Олардың айтуынша, аталған құжат Қытай мен Солтүстік Кореядан төнген қауіпке қарсы тұруға бағытталған. Осы мақсатта Окинава аралына Американың теңіз жаяу әскері полкы орналастырылмақ. Бұдан бөлек, аталған аймаққа кеме жойғыш зымырандар жеткізу көзделген. Жоспар бойынша бұл іс 2025 жылға дейін аяқталуы тиіс.
Энтони Блинкен, АҚШ мемлекеттік хатшысы:
- Америка мен Жапония ынтымақтастығының маңызы өте зор. Соңғы 70 жыл бойы ол Үнді-Тынық мұхиты аймағында бейбітшілік пен тұрақтылықтың негізі болып келді.
Ясукадзу Хамада, Жапонияның Қорғаныс министрі:
- Екіжақты келісім ғарыш, киберқауіпсіздік пен жаңа технологиялар салаларын қамтиды. Сонымен қатар, Австралия және Оңтүстік Корея секілді серіктестерімізбен ынтымақтастықты нығайту туралы келісімге келдік.
Үндістан Кашмирде бақылауды күшейтпек
Үндістан Кашмир қаласында бақылауды күшейтуге кірісті. Ол жергілікті халықтың дауыс беруі арқылы жүзеге асырылмақ. Тұрғындар үшін мұндай мүмкіндік алғаш рет туып отыр. Себебі Джамма мен Кашмир штаты ерекше құқықтық мәртебеден айырылғанға дейін жұрт дауыс бере алмайтын.
Айта кетейік, аталған аймақ Үндістан мен Пәкістан арасындағы даулы мәселе саналады. Оның шекарасы әлі күнге дейін бекітілмеген.