Тунисте президентке қарсы наразылық акциясы өтті

Экономикалық дағдарыс жағдайына тап болған халық Үкімет басындағылардың ауыс-түйісін талап етуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елде азық-түлік жетіспейді. Атап айтқанда, кофе, қант пен сүт өнімдері тапшы. Сондай-ақ жұмыссыздық деңгейі 15%-тен асқан. Ал елдің мемлекеттік қарызы оның жалпы ішкі өнімінің шамамен 80%-тін құрайды. Қазан айының ортасында Тунис Халықаралық валюта қорымен 2 млрд қаржылық көмек пакетін сұрады. Бұл келісім мақұлданғанымен, қаражат әлі берілмеген.

Еске салайық, 2021 жылдың жазында Президенттің шешімімен, Үкімет отставкаға жіберілді. Парламенттің жұмысы тоқтады. Наразылық білдірушілер президент Кайс Саид мырзаны жаңа диктатура құруға ұмтылды деп айыптап жатыр. Ал заң профессоры Кайс Саидтың өзі 2019 жылы сайланды. Ол Тунистің демократиялық жолмен жеңіске жеткен екінші президенті саналады.