Ұлыбританияны энергетикалық дағдарыс күтіп тұр
Лондонда шағын 2 бөлмелі пәтер иелері электр энергиясы мен көгілдір отын үшін айына теңгемен 200 мың төлеуге мәжбүр.
Пешті күніне екі мезгіл ғана қосып, жарықты үнемдегеннің өзінде осындай баға шығады. Тіпті, Үкіметтің комуналдық төлемге деп ай сайын жәрдемақы ретінде беретін 38 мың теңгесі көмектеспей жатыр. Нәтижесінде үй дұрыс жылытылмайды, отбасы мүшелері ауыра бастайды. Қабырғаларды зең басып, ол да денсаулыққа зиян келтіреді.
Мэри Обомезе жергілікті билік жалға берген арендалық пәтерде тұрады. Ай сайынғы табысы - 900 мың теңгемен бүкіл отбасын асырап отыр. Екі баласы оқушы, күйеуі - тұрақты табысы жоқ журналист-фрилансер. Демалыс күндері таң атысымен 52 жастағы әйел Лондонның оңтүстік шығысында орналасқан Вулвич орталығының кітапханасына бет алады. Мақсаты - рухани баю емес, екі сағатқа болса да жылынып қайту.
Мэри Обомезе, қала тұрғыны:
- Біз бұл айда жылудың ақысын төлей алмаймыз. Өткен айда да кейінге қалдыра тұру туралы өтініш білдірдік. Балаларым тоңып қалғандары туралы айтқанда, жаным ауырады. Сондықтан жылуды жарты сағатқа қосып, қайта өшіруге тура келеді.
Мұндай жылы ұяларды бүкіл қала бойынша табуға болады. Оларды аудандық мэриялар шіркеу, кітапхана сияқты қоғамдық орындарда көптеп ашып тастаған. Кейбірі, тіпті, тегін вай-фай, тамақ пен сусынды да ұсынады. Бірақ, көпшілік мұнда келуге қысылады екен.
Эми Джексон, кітапхана қызметкері:
- Орталығымыздағы жылы ұяны халық арасында кеңінен насихаттауға тырысып жатырмыз. Бірақ, менің ойымша, көбі, өкінішке қарай, мұнда келуге аздап ұялады. Айтқым келгені, қазіргі заманда бұл әлбетте ұят жағдай, бірақ басқа амалымыз жоқ.
Бұл аптада Тұманды Альбионда күн салқындап, электр энергиясын пайдаланушылар қатары артады деген қауіп бар. Еуропадан суасты кабельдері арқылы тасымалданатын жарықтың да жетпеуі мүмкін. Оған деген сұранысты төмендету үшін Ұлттық электр желілері операторы жаңа бастаманы қолға алды. Бұдан былай кешкі уақытта, мәселен, кір жуу және кептіру машинасын қоспаған тұтынушылар төлем бойынша жеңілдіктерге ие бола алады.
Финтан Слай, Ұлттық электр желілері операторының атқарушы директоры:
- Осылайша біз жарықты ең көп тұтынатын уақыт кезінде оған деген сұранысты азайтуға тырысамыз. Әдетте қыста электр желілеріне салмақ кешкі 5 пен 6 арасында түседі. Смарт есептегіш құралдары бар тұрғындардың бір жылда 100 фунтқа дейін ақша үнемдеуге мүмкіндігі бар.
Елде қазір күн салқын болғанымен, қатты жел жоқ. Жаңартылмалы қуат көзі саналатын жел диірмендері кәдеге аспай тұр. Сондықтан үш көмір электр станциясы қажет болған жағдайда қосылуға сақадай сай тұр. Негізі Украинадағы жағдай Ұлыбританиядағы табиғи газдың бағасын күрт көтеріп, өмір сүру құнын қымбаттатып жіберді. Инфляция Еуропа елдері арасында бұрын-соңды болмаған деңгейге жетіп, халықты әбігерге салуда.