Босқындар Испания билігінің «бас ауруына» айналды
Заңды және заңсыз ағылған босқындар Испания билігінің күрмеуі қиын күрделі мәселесіне айналды. Соңғы 2 жылда «кәрі құрлықтағы» мигрант ағыны ең көп ел – Италияны Испания басып озды. Әсіресе елдің Мароккомен шекарасында жағдай қиын. Тіпті өлім жағдайы да жиі тіркеледі, деп хабарлайды «Хабар 24».
Босқындар мәселесі Испания билігінің «бас ауруына» айналғаны қашан. Жерорта теңізі арқылы үрмелі қайықпен-ақ жүзіп келетін босқындар мен мигранттардың саны жыл сайын артпаса, кеміп отырған жоқ. Тіпті испан билігі шекарада бақылау мұнаралары бар биіктігі 6 метрлік қоршау орнатқанымен, Африкадан ағылған босқындар санын бақылау мүмкін болмай тұр. Жыл сайын мыңдаған мигрант бұл елге заңсыз өтеді. Өткен жылы маусым айында Испан-Марокко арасындағы кеден бекетінде қақтығыс орын алып, босқындар бүлік шығарып, оқиға орнында 45 адам қайтыс болған.
Омар, Марокко тұрғыны:
- Осымен 10-шы рет Испанияға өтпек болған жерімнен ұсталдым. Ары қарай талпынысымды жалғастырамын. Бізде жұмыс жоқ, сол үшін Еуропаға асығамыз.
Сырттан келген келімсектер көбінесе Испанияда заңсыз жұмысқа орналасады. Өйткені украиналық босқындарға қарағанда олардың құқығы анағұрлым шектелген. Испан жерінде тұруға және жұмыс жасауға заңды түрде рұқсат беретін құжатты рәсімдеу 2-ден 5 жылға дейінгі уақытты алуы мүмкін. Одан бөлек, медициналық сақтандыру сияқты негізгі әлеуметтік қамтуы тағы жоқ. Жалпы Испаниядағы 7 млн-нан астам имигранттың үштен бірін Латын Америкасынан ағылған босқындар құрайды. Құрылыс саласына Омар сияқты мароккалық тартылса, Латын Америкасынан келгендер үй тазалаушы, бала мен қарт адамдарды күтушіге орналасады. Көптеген босқындар уақыт өте келе құжаттарын рәсімдей алса да, 40%-тік салықтан бас тартып, қара жұмысқа орналасуды қанағат көреді.
Сантиаго Санчос, сарапшы:
- Көптеген келімсектер бірнеше фактор бойынша жұмысқа орналаса алмайды. Құжаттары жоқ, тіл білімі, кәсіби деңгейі және тұрмысы о бастан өте нашар. Тұрақты қызметі ақсағаннан кейін ұрлық пен ұсақ саудаға барады. Пандемия кезінде келімсектердің саны күрт төмендеген еді, қазір қайтадан қарқын алды. Мемлекет заңды, заңсыз болсын, біздің елге ағылған мигранттардың мәселесін қарастыратын түбегейлі жаңа реформаны ұсынуы тиіс.
Педро Санчес, Испания үкіметінің жетекшісі:
- Реформадан бөлек, жыл сайын ағылған босқындардың өліміне жауаптыларды анықтайтын уақыт жетті. Испания тарапы адам саудасымен айналысатын ірі заңсыз құрылымдармен күресті жалғастыратын болады.
Украинадан заңды түрде ағылған босқындардың өзі жұмысқа орналаса алмай, дал болып жүр. Испанияда тұруға және жұмыс істеуге рұқсат алған еңбек жасындағы 100 мыңнан астам украиналықтың 10%-і ғана ресми қызметке орналасқан. Бұл туралы елдегі Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің бас кеңсесі жариялады. Ресми мәлімет бойынша, Еуропа елдеріндегі украиндық босқындар саны 8 млн-ға жуықтады.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач.