Грузияда ауа райының қолайсыздығынан жолдар жабылды
Грузияда бір апта бойы көлік қозғалысы қиындап, тіпті, халықаралық ірі тас жолдар жабылып қалды.
Бұған ауа райының қолайсыздығы себеп. Жолдарды қардан тазарту жұмыстары қарқынды жүруде. Дегенмен, жолда тұрып қалған жүргізушілер бар, олардың қатарында отандастарымыз да кездесті. Меншікті тілшіміз Грузия-Ресей шекарасындағы ахуалмен танысып қайтты.
Мұндай көрініс жыл сайын қыста қайталанады. Ауа райының қолайсыздығынан жүк көліктерінің кептелісі жиілейді. Бұл - Қазақстанның тумасы Бейбітбек Әбізов, 20 жылдан астам уақыт жүргізуші болып жұмыс істейді. Бірақ қыста Грузия арқылы алғаш рет жол жүруі.
Бейбітбек Әбізов, жүк көлігінің жүргізушісі:
-Түркиядан Мәскеуге бара жатырмыз. Қарлы боранға тап болдық. Осылай тұрғанымызға 5 күн болды. Көлікті қар басып қалып жатыр. Өзіміз тазартып, әбігерге түстік. Ешкім ақпарат бермейді. Ешкім ештеңе білмейді.
Грузияда бірнеше күн қатарынан осылай тоқтаусыз ақ ұлпа жауып тұр. Әсіресе таулы аймақтарда жағдай қиын. Синоптиктер әзірге көктем лебі сезілетін түрі жоқ дейді.
Светлана Ниорадзе, Грузия ұлттық қоршаған ортаны қорғау агенттігі ұзақ мерзімді болжамдар басқармасының басшысы:
-Біз күн суытады деп алдын ала ескерткенбіз. Қазір жолдарда көру мүмкіндігі төмендеп, көктайғақтан көлік қозғалысы қиындады. Бүгін де, ертең де Грузияның батысында қар жауады деген болжам бар. Елдің шығысында жауын-шашын болмауы ықтимал. Ал ақпан айының екінші жартысында күн райы сәл тұрақталып, ауа температурасы -15 градуске дейін жетеді.
Қазір жол тазартатын техника тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Көшелер күні-түні тазартылып, тұз себіліп жатыр. Дегенмен, бұл жеткіліксіз көрінеді. Жағдай күрделі болып қала бермек. Көлік тізгіншілері жолда сақ болып, шектеу, ескертулерге мән бергені абзал.
Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили