Түркияда опат болғандардың саны 14 мыңнан асты
Түркияда зілзаладан опат болғандар саны сағат сайын өсіп жатыр. Соңғы деректерге қарасақ, көз жұмғандар 14 мыңнан асты. Зардап шеккендер 63 800-ге жеткен. Бұл туралы мемлекет басшысы Режеп Тайип Ердоған мәлім етті.
Жағдай, әсіресе Кахраманмараш, Газиантеп, Шанлыурфа, Диарбақыр, Адана, Хатай және басқа аймақтарда қиын. Бұл – Түркияның табиғи және төтенше жағдайлар басқармасының деректері. Бұдан бөлек, жер сілкінісінен 6 мыңдай ғимарат қирап, 13 млн тұрғын зардап шеккен. Соңғы дүмпу ошағы 32 мың тұрғыны бар Бұланық қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 33 шақырым жерде тіркелген. Сондай-ақ тағы елдің орталығында Кахраманмараш қаласынан 44 шақырым қашықтықта 4,8 баллдық жер тербелесі болған. Анкараға кішкентай бөбектер ұшақпен жеткізіліп жатыр. Жалпы, зардап шеккен өңірлерде жүздеген құтқарушы жұмыс істеп жатыр. Ең қиыны, үйінді астынан адамдарды аман алып шығу болып тұр. Халықаралық іздеу-құтқару ұйымдарынан 5 мыңға жуық маман тартылған. Жөндеу және қалыпқа келтіру жұмыстарына 5500-дей ауыр техника жұмылдырылды.