Өзбекстан халқы сейсмикалық ахуалға алаңдаулы

Көршілес Өзбекстан да өз тарихында 7 балдық жер сілкінісін көрді.

Алапат апат өткен ғасырдың 66-жылы Ташкентте болған еді. Қала толығымен қирап, мыңдаған тұрғын баспанасыз қалғанда бүкіл кеңестік республикалар жұмыла көмек берген. Сейсмологтардың айтуынша, жерасты дүмпулері қазір де болып тұрады. Алайда қуаты 57 жыл бұрынғыдай жойқын емес. Түркиядағы жағдайдан кейін жергілікті жұрттың бойын қайта үрей билеген. Себебі Ташкент сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Оның үстіне кей мамандар магнитудасы 7 балдық зілзаланың Ташкентте әр 25 жыл қайталануы мүмкін екенін алға тартып отыр. Бірақ Өзбекстан ғылым академиясының сейсмология институты бұл болжаммен келіспейді. Қазір елде 60 сейсмикалық және магнитті жолақты өлшейтін 30 станция, сондай-ақ жерасты суының қозғалысын бақылайтын 20 пункт жұмыс істейді. Онда әр апта сайын болжамдар жасалады. Еске салайық, бауырлас Түркияға Өзбекстан да қолдан келген көмегін көрсетіп жатыр. Үкімет апат болған аймаққа құтқарушылар тобымен қатар гуманитарлық жүк жөнелтті.

Вахидхан Ысмайылов Өзбекстан Ғылым академиясы сейсмология институты директорының орынбасары: 

- Біз жер сілкінісіне қашан да дайын болуымыз керек. Салынып жатқан ғимараттардың зілзалаға төзімділігі ұдайы назарда. Ең алдымен үйлердің шатырына ауыр жүк артылмауы қажет. Әр баспанадағы жиһаздың орналасуы мен жарықшамның ілінуіне дейін баса мән беріледі. Егер қарапайым талаптар орындалмаса, адамдар қуаттылығы төмен деңгейдегі дүмпулер кезінде де зардап шегуі мүмкін. Зілзала болған жағдайда үстел астына жасырынып үлгеру шарт. Бөлменің бұрышы мен есіктің маңы да қауіпсіз жер саналады.