Түркияда 147 сағаттан кейін 10 жастағы қыз аман-есен табылды

Түркияның Хатай қаласында үйінді астынан 10 жастағы қыз бала табылды. Ол қираған ғимарат астында 147 сағаттай жатқан. Жеткіншекті періштесі қаққан болар, күл-талқаны шыққан үйіндінің ішінен аман шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құтқарушылар кішкентай қызды қат-қабат болып жатқан бірнеше плитаны ойып, шығарып алды. Жедел ауруханаға жеткізілген. Қазір дәрігерлердің  бақылауында. Осы Хатай қаласында құтқарушылар бүгін бұзылған үй астында 133 сағаттай жатқан 2 айлық нәресте мен Исра есімді 7 жасар қызды аман алып шыққан болатын. Тағы бір ауданнан 1 бойжеткен құтқарылған. Ал апат аймақтарында іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Соңғы мәліметке қарағанда Түркия мен Сирияда жойқын жер сілкінісінен опат болғандар саны 28 мыңнан асқан. Тағы 80 мыңнан аса тұрғын жарақат алды.