Әлем елдері мектептегі әлімжеттікпен қалай күреседі?
Мектептегі әлімжеттік әлемдегі ең өзекті мәселенің бірі саналады. Ағылшын тілінде мұны «буллинг» деп атайды. БҰҰ Балалар қорының мәліметіне сүйенсек, дүниежүзінде әр 3-ші жеткіншек мектеп қабырғасында жәбір көреді. Түйткілді шешу үшін көптеген ел түрлі бағдарламаны қолға алып, жүзеге асырған, деп хабарлайды «Хабар 24».
2011 жылы Жапонияның Оцу қаласында бүкіл елді дүрліктірген оқиға болды. Сыныптастарынан зәбір көрген оқушы өз-өзіне қол салған. Сол кезде жеткіншекке қоқан-лоққы көрсетіп жатқандарды көрген ересектердің ешқайсы ара түспеген. Іле-шала қоғамда осы жайтқа қатысты қызу пікірталас туындады. 2 жыл өткенде барып билік оқу орындарындағы әлімжеттікке қатысты заң қабылдайды. Сөйтіп, мектептерде тәртіп орнады.
АҚШ-та бұл мәселеге қатаң қарайды. Мысалы, Невада штатында оқушыны ауызша не жазбаша түрде көңілін қалдырған тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Яғни, мектеп қабырғасында қорқыту, жанға тию жайттары адамның еркіндігі мен бостандығын шектеу деп есептеледі. Осыған қатысты заңдардың артық-кемі, сапасын қарайтын әрі жәбірленушіге қолдау көрсететін арнайы қоғамдық ұйым құрылған.
Финляндияда буллингпен күрес – ұлттық саясаттың маңызды бір бөлігі. Елде КИВА деп аталатын арнайы бағдарлама қабылданған. Онда жәбірлеуші мен зардап шеккен адамды татуластыруға басты мән берілген. Тіпті куәгерлердің оспадарды қолпаштамауын түсіндіріп, оны өзгені қорлап кемсітуге жол бермеуге үйретеді. Өйткені қолдаушысы болмаса зәбір көрсетуші де тыйылады. Осындай тәсілдің арқасында Финляндиядағы білім ордаларында әлімжеттік 80%-ке азайған.
Нидерланд мектептегі әлімжеттік пен кемсітіп, келемеждеуді тыюға Пестуэб деп аталатын арнайы жоба жасады. Онлайн-платформа оқушылардың арасындағы құйтырқы әрекеттерді құпия хабарлауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, буллингтен жапа шеккендерге психологиялық көмек көрсетіледі.
Авторы. Дәурен Ақашұлы.