Еуропалықтар арақ-шараптан жаппай бас тарта бастады
Мас қылатын ішімдіктің орнына алкогольсіз сусынға сұраныс артқан, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл үрдісті Парижде өтіп жатқан көрмеден анық байқауға болады, - дейді сарапшылар. Осыған байланысты «кәрі құрлықтағы» кәсіпкерлер жаппай жаңа технологиялар енгізіп, қалыптасқан жағдайға бейімделіп жатыр. Сондай-ақ спирттік ішімдіктен Корея, Жапония елдері де арыла бастаған. Мамандар бұған қазіргі заман жастарының ұстанымы мен пандемия тікелей әсер етті дейді. Адамзат коронавирустан кейін денсаулығына барынша жауапты қарай бастаған сыңайлы.
Валери де Жюттер, алкогольсіз сусындар өндіретін компанияның негізін қалаушы:
- Жағдайдың бұлай өзгеретінін 3 жыл бұрын мүлде ойламаған да едік. Қазір алкогольсіз сусындарға сұраныс өте жоғары. Тіпті шарапханаға барған адамдар ас мәзірінде алкогольсіз сусындардың міндетті түрде болғанын талап ете бастаған. Тіпті биыл қаңтарда саудамыз 400%-ке артты.
Себастьян Тома, алкогольсіз сусындар өндіретін компанияның негізін қалаушы:
- 18 бен 25 жас аралығындағы жастардың әрбір төртіншісі масайтатын ішімдік ішпейді. Статистика осылай дейді. Яғни, олардың сұранысына сай жаңа өнімдер қажет. Үлкендердің әрбір екіншісі құрамында спирті бар ішімдікке құмартпайтын болған. Бұл қалыпты тенденцияға айналып келеді.