Түркияда 2 жер сілкінісі тіркелді

Түркияда тағы да жер сілкінді. Бұл жолы магнитудасы 6,4 және 5,8 балл болатын 2 зілзала тіркелді. Салдарынан бірнеше адам опат болды. Зардап шеккендер де жетерлік. Қазір қираған ғимараттың астынан құтқарушылар тірі қалған адамдарды іздестіріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Араға 2 апта салып түрік жұрты тағы да дүрлікті. Халықтың дегбірі қашты. Ақпанның 20-сы күні кешкі сағат 20:00 шамасында күтпеген жерден елде 2 жер сілкінісі болды. Магнитудасы – 6,4 және 5,8 балл. Эпицентрі Сириямен шекаралас Хатай провинциясында тіркелген. Жерасты дүмпуі әсіресе Антакья мен Самандағ қалаларында қатты сезілген.

Болған жайттан бойларын үрей билеген халық тұрақтарын тастай қашып, сыртқа қарай ұмтылған. Бірақ соған қарамастан 6 адам табиғи апаттың құрбаны болды. Жүздеген адам жараланды. Провинция аумағында жарық сөніп, біраз ғимарат қирап қалды. Қазір құтқарушылар оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Өз кезегінде жергілікті билік апат аймағында теңіз суы 50 сантиметрге дейін көтерілуі мүмкін екенін айтып, тұрғындарға теңізге жоламауға кеңес берді.

- Дегбірім қашып, бойымды үрей билеп тұр. Іште қалу қауіпті. Енді не істерімізді білмейміз.

- Бәрі теңселіп тұрды. Қатты қорықтық. Үйінді астында қалып қоямыз ба деп ойладық.

Жерасты дүмпуі Сирия, Египет, Ливан мен Иорданияда да сезілген. «Al Arabiya»-ның ақпары бойынша, Шам елінде 4 адам көз жұмған. Бірнешеуі зардап шеккен. Қазір апат аймағындағы халық қауіпсіз жерге көшуге кіріскен. Жанар-жағармай құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек.

Естеріңізде болса, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысы мен Сирияның солтүстік-батысында қуаты 7,8 балл жер сілкінісі болған еді. Бұл зілзаладан 46 мыңға жуық адам қаза тапты. Ондаған мың адам үйсіз қалды.