Өзбекстанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 10%-ке төмендеді
Бұған қаңтардағы қатты аяздың салдары әсер еткен. Елде энергетикалық тапшылық туындап, өндіріс ошақтарына электр қуаты мен газ жетіспеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Әсіресе Ташкент маңындағы зауыт-фабрикалардың өнім көлемі кеміген. Үкімет көрші елдерден қажетті көгілдір отын және көмір жеткізіп, өнеркәсіп орындарына таратты. Ахуал дереу қалпына келмесе, экономикалық өсім тежелуі мүмкін. Тіпті жалпы ішкі өнімнің 3,5%-ке төмендеу қаупі бар, - дейді сарапшылар. Жалпы, Өзбекстан өнеркәсіп саласында мұндай проблемаға алғаш рет тап болып отырған жоқ. Бұған дейін де кей өңірлердегі энергетикалық дағдарыс бірнеше зауыт жұмысының қыс бойы тоқтауына алып келген. Билік көктем және жаз айларында көрсеткіш қалпына келеді деп сендіріп отыр.
Юлий Юсупов, экономист:
- Энергетикалық дағдарыс Ташкентке қатты әсер етті. Оған дейін өңірлерде электр қуаты жетпеген кездер болды. Газға да қатысты осындай жағдай. Өзбекстанда кей кәсіпорындар қыс бойы жұмыс істемей тоқтап тұрады. Кейін ауа райы қолайлы болған кезеңде бәрі қалпына келеді деп ойлаймын.