Отандасымыз Өзбекстанда өткен автожарыста жүлде еншіледі
Отандасымыз Өзбекстанда өткен автожарыста жүлде еншіледі. Көлік бәйгесіне жергілікті спортшылардан бөлек, Қазақстан мен Тәжікстаннан 50-ге тарта темір тұлпар иесі қатысты.
Жол талғамайтын көлік мінгендер түрлі кедергіні еңсерді. Біздің елден барған спортшы мәре сызығын екінші болып кесті. Жарыс жеңімпазымен уақыт айырмашылығы көп емес. Бәйге барысында лай-батпақтан әрі аса алмағандар да бар. Жүлдегерлер сыйақы және естелік сыйлықтармен марапатталды. Отандасымыз бұл жетістігімен шектеліп қалғысы жоқ. Алда жоғары деңгейлі жарыстарға қатысуды жоспарлап отыр.
Илья Прокопенко, жүргізуші:
- Мен Қазақстанда мұндай жарыстарға жиі қатысып тұрамын. Өзбекстанға алғаш келуім. Ауа райына байланысты жол ауыр болды. Көп көлік лайда қалып қойды. Біз темір тұлпарымызды осы сайысқа арнайы дайындадық. Алдағы уақытта басқа да халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға таласатын боламын.