Ауғанстан Орталық Азиямен теміржол қатынасын қайта жандандырды

«Галаба-Хайратон» бағытында тасымал 1 айдан бері тоқтаған еді. Енді «Хайратон-Мазари-Шариф» теміржолына қызмет көрсету міндеті өзбекстандық компаниясына беріліп, мәселе шешімін тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауғанстан өз теміржолын ала тақиялы ағайынға тағы 2 жылға тапсыруды жөн көрген. Келісім құны жария етілмеді. Тек бұған дейін Өзбекстан теміржолдағы осы қызметі үшін жыл сайын 15 млн доллар алып келгені белгілі. Жалпы, «Галаба-Хайратон» өткелі ауған халқы үшін аса қажет. Онымен елдің негізгі импорт өнімдері тасымалданады. Гуманитарлық жүк те жетеді. Келешекте тәліптер (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) басқарып отырған үкімет теміржолды Пәкістанға дейін ұзартып, Орталық Азия үшін жаңа транзиттік дәліз ұсынуды көздеп отыр.

Бахтиёр Эргашев, «Ma'no» зерттеу бастамалары орталығының директоры:

- Пәкістанда ірі теңіз порттары бар. Сол жерге тікелей жол салу үшін Ауғанстан арқылы теміржол салу керек. Жоба әлі талқыланып жатыр. Орталық Азияның елдері де осыған мүдделі. Дегенмен қауіпсіздік мәселесіне баса мән беріледі. Егер елде тұрақтылық орнамаса, ешбір жоба қаржыландырылмайды. Әрі транзиттік тасымал да жүзеге асырылмайды.