Оңтүстік Кореяда кез келген жұмысшыны алмастыратын роботтар таныстырылды

Сеулде «Ақылды фабрика» атты Азиядағы ең ірі көрме өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған 500-ге жуық компания қатысады. Бұл – 2019 жылы пандемия басталғаннан бері өндірістегі жаңа технологиялардың алғашқы көрсетілімі. Стендтердің көбі логистикалық технологияларға арналған. Мәселен, жүргізушісіз тиегіштер нысанды дәлдігі 5 миллиметрге дейін анықтай алады және секундына 3 метр жылдамдықпен жүре алады. Ал ақылды машиналар 2 тоннаға дейін жүкті көтере алады. Автономды тиегіштердің үздіксіз жұмыс істеу уақыты – шамамен 8 сағат. Көрмеде қол қозғалысына толығымен еліктейтін робот та көрсетілді. Ол кез келген тапсырманы адамнан артық орындай алады. Робот суретші, дәнекер, медбике, аспаз жұмысын да істей береді.   

Пак Сон Ген, көрмені жоспарлау жөніндегі маман:

- Ақылды логистика мен тауарларды жеткізуге үлкен қызығушылық бар. Бұл сала қарқынды дамып жатыр, өйткені еліміздегі ақылды зауыттың үздік технологияларын мемлекет қолдайды. Қазір 30 мыңнан астам корей компаниясы өндіріс және қызмет көрсету саласында ақылды технологияларды қолданады. Корея өндірісті автоматтандыру көрсеткіші бойынша үздік 5 елдің қатарына кіреді.