Германияда «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі концерт берді
Наурыздың әні де, сәні де бөлек. Германияның Берлин және Магдебург қалаларында «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі концерт берді.
Атаулы іс-шараның өтуіне Қазақстанның Берлиндегі елшілігі мен Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы мұрындық болған.
«Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі Германияда алғаш рет өнер көрсетті. Ұжымның құрылғанына бар-жоғы 10-ақ жыл болса да, музыканттар гастрольдік сапарлармен ел ішін аралап, талай шығармашылық концерт өткізген. Шетел асқан кездері де аз емес. Енді міне Берлин мен Магдебург қауымын өз өнерлерімен тәнті етті.
Нұртас Омаров, Ғ. Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы жетекшісінің орынбасары:
- Германияның жүрегі Берлин қаласында алғашқы концертімізді қойып жатырмыз. Шының айту керек өте жан-жақты қарадық. Тек қазақ музыкасымен классикасымен шектеліп қалмадық, қазақтың ұлттық халықтық ән күйін, қазақ композиторларын заманауин композиторлардың шығармаларың, оған қоса батыс еуропа композиторларының шығармаларын қосып кенінен қамтыдық. Концерттен кейінгі пікірлерді тыңдадым өте жақсы қуанышты жағдай.
Салтанатты кеште өнерпаздар күй тартып, халық әндерін шырқады. Абай, Құрманғы мен Дәулеткерейдің туындыларын паш етті. Ұлттық аспапта әлемдік музыка өнерінің шоқтығы биік өкілдері Моцарт пен Шопеннің шығармалары да орындалды. Домбыраның күмбірлеген үні мен қобыздың қоңыр үні Германияның өнерсүйер қауымын тебіренткені анық.
Катрин Будде, Бундестаг депутаты:
- Мен қазақ музыкасынан ләззат алдым. Көз алдыма табын-табын жылқы үйірінің дархан далада желмен жарыса жүйткігені
елестеді. Осындай әсер алғаным үшін музыканттарға ерекше алғыс айтамын. Келесі концерттерге де қуана келемін. Қазақ халқын Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Бәріңізге амандық тілеймін.
Концертте өнерпаздары 20-ға жуық туынды орындады. Әуезді ән мен күйге ұйыған жұрт ризашылықтарын білдіріп жатыр..
Хайке Нойенбург, журналист:
- Мерекемен құтты болсын! Жаңа жылды осындай концертпен қарсы алу меніңше, тамаша бастама. Музыканттар неміс композиторларының шығармаларын орындағаны ерекше ұнады. Мен қазақ музыкасымен таныспын. Бірақ осы концерт ерекше болды. Елдеріңіз жайлы бейнежазба ұсынылып, әсем табиғаты көрсетілді. Мен негізі, Қазақстанда бұған дейін болғам. Таңғажайып ел.
Кристина Хатакка, дипломатиялық клубтың президенті:
- Қазақ музыкасы маған қатты әсер қалдырды. Наурыз мерекесінде осындай концерт ұйымдастыру тамаша идея. Мұндай кештер көп бола бермейді. Көріп отырып, жылулық пен бақыт сездім. Барша қазақстандықты көктем мерекесімен құттықтаймын. Сіздерге бар жақсылықты тілеймін.
Бұл кеште көрермендер музыка тыңдап қана қоймай, ұлттық тағамнан да дәм татты. Көпшілікке Наурыз көже ұсынылып, бауырсақ пен тәттілер таратылды.
Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский