БҰҰ су ресурстары жөнінде алаңдаулы
Нью-Йоркте БҰҰ-ның су ресурстары жөнінде конференциясы өтіп жатыр.
Бұл жолы жиынға Тәжікстан мен Нидерланд мемлекеттері төрағалық етті. Ұйымның бас хатшысының мәлімдеуінше, адамзат судан қазірдің өзінде таршылық көріп отыр. Антониу Гутерриш мұздықтардың сақталуының маңызын еске салды. Олардан еріген қар 2 миллиард адамды сумен қамтиды. Конференцияға Қазақстан делегациясын экология және табиғи ресурстар министрі Зульфия Сүлейменова басқарып барған.
Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:
- Су - адамзаттың тіршілігі. Ол ауыл шаруашылығы мен энергияның қозғаушы күші. Денсаулық, тазалық пен күнкөрісіміз үшін қажет. Су жарқын болашағымызды дамыту негізі. Бірақ сол суға үлкен қауіп төніп тұр. Шамадан тыс әрі тиімсіз пайдаланып және жаһандық жылыну арқылы буландырып, өзімізге өзіміз ор қазып жатырмыз. Су айналымын өзгертіп, экожүйелерді бұзып, жер асты суларын ластадық. Табиғи апаттардың төрттен үші суға қатысты. Әрбір төртінші адамға таза ауыз су жетіспейді.