Әлемде TikTok-қа қатысты дау өршіп тұр

Әлемде İnstagram және Facebook сынды әлеуметтік желілерді жолда қалдырған TikTok-қа қатысты дау өршіп тұр. Қазір дәл осы желінің жұмысына күмән келтіретіндер көп. Оған қауіпсіздік жағы себеп. Осыған алаңдаған америкалық конгрессмендер арнайы жиын өткізді. Оған TikTok басшысы да қатысты. Тараптар не деп тарқасты?

АҚШ Конгресінде өткен TikTok-қа тыйым салу бойынша тыңдауға әлеуметтік желінің басшысы Шоу Цзы Чу қатысты. Жиын барысында Заң шығару орган өкілдері Тиктоктың қауіпсіздігіне күмән келтіретін айтып, қытайлық қосымша қолданушылардың жеке деректерін Қытай билігіне жеткізуі мүмкін екенін мәлімдеді. Осы мақсатта өкілдер палатасының өкілдері Шоу Цзы Чудан аталған желіге тіркелген америкалықтардың жеке мәліметтері қаншалықты сақтаулы екенін, бұл деректер Қытай билігінің қолына жетіп-жетпегенін анықтауға тырысты. Өйткені бұл АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Бірақ Конгресс алдында сөз сөйлеген TikTok басшысы әлеуметтік желінің америкалықтар үшін қауіпсіз екенін, «үшінші мемлекет» компанияға мониторинг жүргізе алатынын жеткізді. «Біз Қытайдың компартиясымен жұмыс істемейміз, оларға барлаушы қызметін атқармаймыз», - деп ақталды.

Шоу Цзы Чу, TikTok платформасының бас директоры:

- Біріншіден, біз желі қолданушылар арасында жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мән береміз. Екіншіден, АҚШ азаматтарының жеке деректері сырттан ұрланбау үшін жіті бақылау жүргіземіз. Сонымен қатар біз Үкімет тарапынан TikTok-ты басқаруға немесе жұмысына араласуға жол берілмейді деп уәде етеміз.   

Қазір АҚШ-тың Федералды тергеу бюросы мен Әділет министрлігі TikTok тіркемесі тиесілі Байтденс компаниясын тексеріп жатыр. Өйткені Америка билігі бұл компания Қытай билігімен ымыралас деп күдіктенеді. Сондықтан осы айдың соңынан бастап америкалық шенеуніктерге TikTok қосымшасын пайдалануға тыйым салынады. Бұл шара заңдық тұрғыда бекітіледі.

Дәл осындай тыйымды бұған дейін біраз мемлекет енгізген. Мәселен, Үндістан 2020 жылы құпиялылық пен қауіпсіздік мәселелеріне байланысты TikTok-қа және ондаған қытайлық қосымшаға, соның ішінде WeChat хабар алмасу желісіне де тыйым салды. Ал Тайвань бұл платформаны мемлекеттік секторда қолдануға шектеу қойды. Дәлірек айтсақ, мемлекеттік құрылғыларда, соның ішінде ұялы телефондарда, планшеттерде, жұмыс үстелі компьютерлерінде TikTok қосымшасын пайдалануға рұқсат етілмейді. Еуропалық одақта да осындай жағдай. Өз кезегінде Ауғанстандағы «Талибан» билігі (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) TikTok пен PUBG ойынына жастарды «адасудан» қорғау үшін тыйым салды.

Өз кезегінде ресми Бейжің осыған байланысты арнайы мәлімдеме жасап, ешбір компанияға жеке мәліметтер жинау бойынша сұрау салмағанын мәлімдеп, шетелдік компанияларға қысым көрсетуді тоқтату керегін жеткізді.

Мао Нин, Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

- TikTok-тың қандай мәлімдеме жасағаны бізге белгілі. Осы ретте Қытай үкіметінің құпиялылықты сақтауға және қауіпсіздікке ерекше мән беретінін атап өткім келеді. Қытай ешқашан жеке компаниялар мен тұлғаларға дерек жинау не бөлісу туралы өтініш жасаған емес және жасамайды да. Ал Құрама Штаттар нарықтық экономика мен адал бәсекелестік қағидаттарын құрметтеуі тиіс. Өзге елдің кәсіпорындары АҚШ-та жұмыс істеп, инвестиция құюы үшін негізсіз қысым көрсетуді доғарып, барлық мемлекеттің кәсіпорындарына бірдей жағдай жасауы керек.

Мәселе расымен де өткір. Сондықтан осыған қатысты талас-тартыс тек жоғары шенділер арасында ғана жүріп жатқан жоқ. Халық та екіге бөлінген. Бір TikTok-қа тыйым салынғанын құп көрсе, енді бірі бұған түбегейлі қарсы. Кейбірі тіпті күш біріктіріп, аталған платформаны қорғауға тырысып жатыр. Бейсенбі күні #tiktokearing хэштегі 2,8 млн қаралым жинады. Тиктокерлер конгресте өткен тыңдауды мазақ ететін бейнелер жариялап, тиісті заңнама тек бір компанияға әсер етпеу керегін жазған. Әлеуметтік желі арқылы табыс тауып отырған бизнесмендер де осы қатарды.

Тори Данлап, кәсіпкер:

- TikTok-қа тыйым салу төңірегіндегі әңгімелерге тоқталсақ, кәсіпкер ретінде мен бұған қатты алаңдаулымын. Қазіргі уақытта командамда 15 адам жұмыс істейді. Біз қыз-келіншектерді қаржылай сауаттылыққа үйретеміз. Яғни, ақшаны қалай үнемдеу керегін, қарыздан қалай құтылу жолдарын көрсетеміз. Бүгінде Тиктокта 2,3 млн қолданушымыз бар. Егер біз бұл аудиториядан айырылып қалсақ, оның салдары мен зардабы бізге өте ауыр болғалы тұр. Ал АҚШ-та біз сияқты компания қаншама? Бизнесіміздің болашағы не болады? Бұл өте күрделі мәселе.

Жалпы, атауы көңілге күдік ұялатпағанымен, ішіндегі дүние кейде жаға ұстатады. Небір дүние жылт етіп экран бетіне шығады. Ненің ақ, ненің қара екенін білмейтін жеткіншек кейін оны қайталауға тырысады. Тренд түсіремін деп құрбан болғандар қаншама?! Осындай жайтқа алаңдаған америкалық ата-аналар қазір TikTok-қа тез арада тыйым салынғанын талап етіп көшеге шығып жатыр.

- Дереу жабылуы тиіс. Балаларымызға ықпал етуді доғарыңдар.

- Бәрінен бұрын мені қыздардың жағдайы алаңдатады. Көбін үрей билеп, депрессияға ұшырайды. Оның қайдан шығып жатқанын біз білеміз. Сондықтан неге TikTok-қа тыйым салынбай жатыр?