Калифорния фермерлері жұтпен күресудің жолын тапты

Калифорниялық фермерлер қуаңшылықпен күресудің тың жолы ойлап тапты.

Жергілікті шаруалардың бірі тәжірибе жүргізген. Ол тасқыннан кейін өзгелер секілді суды арнайы арнаға ағызып тастамай, керісінше оны егіс алқаптарына бұрып жіберген. Сөйтіп, ол су топыраққа сіңіп, кейін құрғақшылық кезінде өнімді сақтап қалуға көмектескен. Алғашында фермердің бұл идеясына күмәнмен қарағандар көп болған. Алайда өз нәтижесін бергеннен кейін қазір билік өзге шаруаларға да осылай жасауға кеңес беріп отыр. Калифорния жұрты осымен бірнеше жыл қатарынан алапат қуаңшылық салдарымен күресіп келеді. Былтыр желтоқсанда билік төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болған. Сондай-ақ тұрғындарды суды тұтыну мөлшерін шектеуге шақырған.

Дон Кэмерон, фермер:

- Суды егіс алқаптарына бұрғанда, көршілерім мені есінен адасты деп ойлаған екен. Олар өнімді бүлдіресің деп айтты. Бірақ құрғақшылық кезінде өзгелер шығынға батқанда, мен мол жүзім жинадым. Мамандардың болжамы көңіл көншітпейді. Олар бұдан да алапат қуаңшылық болатынын ескертеді. Сондықтан бәріне де дайын боулымыз керек. Тасқын суды ұтымды пайдалануымыз қажет.