АҚШ-та дәрілік препаратқа қатысты дау басылар емес

АҚШ-та екі сот бір-біріне қарама-қайшы шешім шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дональд Трамп тағайындаған Техастағы федералдық судья мифепристон дәрісін қолдануға рұқсат беретін құжатты қайтарды. Ал бір сағат өтісімен Барак Обама тағайындаған Вашингтондағы федералдық судья 17 штатта осы препарат қолжетімді болуға тиіс деген шешім шығарды. Сотқа шағым түсірген де осы штаттардың өкілдері болатын.

Жалпы, мифепристонды 2000-жылы қолдануға рұқсат етілген. Оны әдетте әйелдер ерте мерзімдегі жүктілігін үзу үшін қолданады. Ал жасанды түсік –АҚШ-та онсызда даулы мәселе. Консерваторлық көзқарастағылар бұл – адам өлтіру деп, толық тыйым салуға шақырады. Ал қарсы жақ мұндай тыйым әйелдердің құқын шектейді деп санайды. Қазіргі билік басындағы демократиялық партия да осындай пікірде. Енді екі федералдық судья қарама-қайшы шешім шығарғандықтан, бұл дауға Жоғары Сот араласатын түрі бар.   

Камала Харрис, АҚШ вице-президенті:

- АҚШ Президенті Джо Байден және жеке өз басым Америка әйелдерін қолдайтынымызға күмән жоқ. Олардың өз денсаулығы туралы өздері шешім қабылдауға мүмкіндігі болуы үшін бар күшімізді саламыз. Азық-түлік пен дәрі-дәрмекті бақылау басқармасы осыдан 20 жыл бұрын бұл дәріні қауіпсіз деп таныған және осы мерзім ішінде өз қауіпсіздігін көрсетіп келді.