Британия сиырдан сыртқа бөлінетін газды азайту амалын іздеп жатыр
Ірі қара мал қоршаған ортағa зиянды қалдықтарды таратады.
Ұлыбритания ғалымдары осылай деп отыр. Десе де бұған қырын қарайтын шаруалар да бар. Енді ғалымдар Зеңгі бабадан бөленетін метан газын азайтатын амалдарды қарастырып жатыр.
Сиыр жеген шөбінен қорек зат алады. Ал одан сүтпен бірге метан газы бөлінеді. Бұл зиянды қалдық тезектен шығады деген теріс түсінік бар, негізі метан ауаға сиыр кекіргенде таралады. Осыдан қоршаған орта ластанады. Біріккен Ұлттар Ұйымының зерттеуі бойынша, жер бетіндегі газ қалдығының 14 пайызы сиырға тиесілі.
Уилиам Колинз, Рединг Университетінің профессоры:
- Метан тура көмірқышқыл газы сияқты зиян келтіреді. Негізі Жер де осындай жылу шығарады. Бірақ метан одан 30 есе күшті жылу бөледі. Біз айтып жүрген ғаламдық жылынудың жарты градусы осы сиыр бөлетін метан газының үлесіне тиеді.
Британия билігі елде 9 миллион 400 мың ірі қара бар дейді. Бір ана зеңгі баба тұқымдасы жылына 120 келіге дейін метан газын бөле алады. Үкімет теңіз балдырынан немесе сарымсақтан жасалған қоспаны сиырдың жеміне араластырып бере бастады. Өйткені үкімет бұл зат ас қорытуды жеңілдетіп, зиянды қалдықты азайтады деп сендіреді. Дейтұрғанмен кейбір шаруалар мұндай ғылыми шешімдер күмәнмен қарайды.
Мэтью Елфик, шаруа:
- Менің ойымша, бұл қоспаларды сиырға бергенде абайлау керек. "Артық қыламыз деп тыртық қылудың" қажеті жоқ. Климат өзгерісін сиыр бөлетін метан газы ғана тудырмайды. Одан бөлек қаншама фактор бар. Ауыл шаруашылығын жүргізудің барлық әдіс-тәсілін қайта қарастырғанымыз жөн.
Билік қоспалардың нәтижесі күткендегідей оңды болса, онда оларды қойларға да береміз дейді.
Ернат Қашқынов