Өзбекстанда 30 сәуір күні жалпыхалықтық референдум өтеді
Өзбекстанда 30 сәуір күні жалпыхалықтық референдум өтеді. Көрші ел конституциясын түбегейлі өзгертпек.
Жаңа редакциядағы құжатты әзірлеу кезінде 222 мыңнан астам ұсыныс түскен. Әсіресе жастардың белсенділігі жоғары болды. Нәтижесінде баптар саны 128-ден 155-ке көбейді. Нормалар да екі есе ұлғайды. Көбіне азаматтардың құқығы мен бостандығына қатысты бөлім өзгеріске ұшырады. Мәселен, өлім жазасы қолданыстан мүлдем алынып тасталады. Бұдан бөлек, Өзбекстан билігі «әуелі халық одан соң ғана мемлекет» ұғымына баса мән беріп отыр. Осы арқылы әлеуметтік мәселелерді шешіп, әділетті қоғам құру көзделген. «Әлемдік қауымдастық және көрші елдермен достық қарым-қатынасты нығайту да - конституциялық өзгерістердің негізі мәні», - дейді сарапшылар.
Равшан Хакимов, Өзбекстан ғылым академиясының аға қызметкері, заң ғылымдарының докторы:
- Жаңа редакцияны әзірлеуге жетекші ғалымдар мен қоғам өкілдері атсалысты. Халықаралық тәжірибе ескерілді. Мұндай өзгеріс таяуда Қазақстанда да қолға алынып, нәтижелі іске асты. Әлемнің 106 мемлекетінде өлім жазасына тыйым салынған. Тек мықты, өзіне сенімді елдер осындай қадамға бара алады. Конституциялық референдум аймақтағы көршілерімізге де оң әсер етеді деп ойлаймын.