АҚШ-та бір тәулікте 2 бірдей оқ жаудыру қылмысы тіркелді

АҚШ-та бір тәулікте екі бірдей оқ жаудыру қылмысы тіркеліп, бейбіт күнде бейкүнә алты адам көз жұмды.

28 адам жарақат алды. Алабама штатында белгісіз біреу туған күнін тойлап жатқан жасөспірімдерге оқ атқан.

Қайғылы оқиға Алабама шататындағы  Дадвилл атты үш мың тұрғыны бар шағын шаһарда болды. Қазір қылмыс орны қоршауға алынып, тергеу жүріп жатыр. Жергілікті полицияның хабарлауынша атыс түнгі 10:30 тіркелген. Туған күнге жиналған жасөспірімдерге белгісіз біреу оқ жаудырған. Алайда қылмысқа не себеп болғаны белгісіз. Тергеушілер ешқандай ақпарат таратпады, қандай да бір күдікті жайлы да мәлімет жоқ. Мамандардың айтуынша ауыр жарақат алған бес жасөспірім қазір жан сақтау бөлімінде.

Джереми Буркетт, Alabama құқық қорғау органының өкілі:

- Төрт жастың өмірі қыршын қиылды. Жиырма сегіз  адам жарақат алды. Кейбірі ауыр жағдайда.

Дәл осындай қылмыс Кентукки штатында да болды. Күдікті саябақта тұрғандарға оқ жаудырып, 2 адам қаза тапты. Жалпы, жартылай автоматтардың нарықта еркін сатылуы  мен көптігінен бейбіт тұрғындардың оққа ұшуы жиілеп кетті.  Соның ішінде биыл алтыншы сынып оқушысы өз мұғалімін қасақана атып жараласа, наурыз айында жиырма сегіз жастағы әйел өзі білім алған мектепке келіп, алты адамды атап тастаған еді.