Кабулда Қазақстанның сауда үйі ашылады
Отандық кәсіпкерлер Ауғанстан астанасына өз тауарларын жеткізу мүмкіндігіне ие болады. Бұл туралы Кабулде өткен бизнес-форумда мәлім болды.
Іс-шараға 18 қазақстандық компания қатысып, ауған тарабымен түрлі салада байланыс орнатты. Қазақстандық экспорттың ішінде күнбағыс майының үлесі зор. Былтыр 18 мың тонна сұйық май сыртқа саудаланса, оның 17 мыңы күнбағыс майы. Ауған нарығында осы өнімге сұраныс жоғары. Сондықтан отандық өндірушілер Ауғанстанға сұйық май экспортын ұлғайтады. Тамақ өнеркәсібі тауаларынан бөлек, ауыр металлургия өнімдерін жеткізу жоспарда бар.
Серік Жұманғарин, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Қазір мақсатымыз – одан әрі ұлғайту. Қазақстандық 18 компания өз өнімдерін ұсынады. Оның ішінде ұн, күнбағыс майы т.б. бар.
Нұралы Бөкейханов, «QazTrade» АҚ бас директоры:
- Құрылыс өнімдері, темір тетіктері, арматура. Шикізаттық экспорттың ішінен: газ, мұнай және ГСМ-ның түрлері. Ауғанстан – бұл соңғы нүкте емес. Бұл біздің өнімдерге транзиттік жол болып табылады. Қазіргі таңда, өкінішке қарай, Ауғанстанда теміржол жоқ, бірақ тасжолдары арқылы біздің өнімдер тек Ауғанстанға емес, одан ары қарай Пәкістанға кетеді.
АУҒАНСТАНМЕН АРАДАҒЫ АЛЫС-БЕРІС
Қазақстандық кен байыту орындары да Ауғанстанның қазба байлығын игеруге атсалысқысы келеді. Бұл елде асыл тастар, алтын, мыс, темір, қорғасын мен күкірті бар 1400-ден астам кен орны тіркелген. Сондықтан бизнес-форумға келген қазақстандық компаниялар осы салаға үлес қосу туралы ұсыныс жеткізді. Былтыр Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда-саттық көлемі 1 млрд долларға жуықтаған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе артық.