Әлем жұрты Ораза айтқа дайындалып жатыр

Алайда биыл көп елді қымбатшылық жайлап, жұрттың шамына тиді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір азық-түлік бағасының өсуі Индонезияда байқалып отыр. Пәкістанда да рекордтық инфляция салдарынан тұрғындардың көңіліне қаяу түсті. Дегенмен Рамазан игі істер айы екенін ұмытпаған жомарт жандар мұқтаж адамдарға көмек қолын созып жатыр.

 

ОРАЗА АЙТҚА ДАЙЫНДЫҚ 

Индонезия – әлемде мұсылмандар ең көп шоғырланған мемлекет. Халқының 90%-ке жуығы ислам дінін ұстанады. Сондықтан қазір жергілікті сауда орындарында Ораза айтқа дайындық қызу жүріп жатыр. Алайда азық-түлік қымбаттап, бұл жайт тұрғындардың көңіліне қаяу түсірді. Жұрт былтырмен салыстырғанда баға айтарлықтай өскенін айтады. Сондықтан биыл әдеттегідей аста-төк дастарқан жая алмаймыз дейді.     

Тұрғындар:

- Былтыр сиыр етінің бір келісі 140 мың рупий тұрған еді. Қазір 150 мыңға сатылып жатыр.

- Экономика шатқаяқтап тұр. Сондықтан сауда жасап жатқандар шамалы. Былтырмен салыстыратын болсақ, екі есе аз шығар.

 

АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚЫМБАТТАДЫ

Қазір Пәкістан тұрғындары да осындай қиындықтарға тап болды. Оған инфляция себеп. Салдарынан азық-түлік бағасы 47%-ке өскен. Мемлекет Халықаралық валюта қорынан көмек күтіп отыр. Ұйым былтыр жыл соңында 1 млрд доллар бөлу керек еді. Алайда келіспеушіліктер салдарынан ақша әлі аударылмады. Көмек келгенше тұрғындар қиындықтарын өз бетінше шешуге мәжбүр. 

Моазма, Карачи тұрғыны:

- Мен Айтқа орай жаңа киім сатып алдым. Бағасы қолайлысын әрең іздеп таптым ғой. Киім екі есе қымбаттап кетіпті.

 

МҰҚТАЖ ЖАНДАРДЫ ҚОЛДАУ

Ал Малайзияда мұқтаж жандарға волонтерлер көмектесіп жүр. Олар Рамазан айында жергілікті базарларды аралап, тойып тамақ ішпейтіндерге азық-түлік таратты. 1 айда шамамен жылудың 20 мың келісі жиналған. Волонтерлер осылайша бір оқпен екі қоянды атып отыр. Бір жағынан мұқтаж жандарға жәрдемдесіп, сауап жинаса, екіншіден, қоршаған ортаның ластануымен күресіп жатыр. Өйкені бір ғана Малайзияда былтыр Рамазан айы кезінде 250 мың тонна қоқыс тасталса, соның тең жарымы тамақ қалдықтары болған.

Умми Калтум Шуиб, Қалдықтарды реттеу жөніндегі корпорация директоры:

- Рамазан айы кезінде қалдық көлемі 15%-ке артады. Егер жай күндері шамамен 17 мың тонна шығарылса, мұндай күндері 19 мыңға дейін көбейеді.

 

Иә, Рамазан – игі істер айы. Осылайша, бір елде мұқтаж жандарға азық-түлікпен жәрдемдесіп жатса, Біріккен Араб Әмірліктерінің билігі Айтқа орай тұрғындардың демалыс күндерін ұзартқан. Сөйтіп, жергілікті жұрт бүгіннен бастап 4 күн демалады. Жұмысқа тек алдағы дүйсенбі шығады. Мұндай жеңілдік мемлекеттік сектормен қатар жомарттық компаниялардың қызметкерлері үшін де жасалып отыр.