Түркияда зілзаладан зардап шеккендерге баспана берілді
Түркиядағы апат болған аймақтың тұрғындарының алды жаңа қонысқа көшіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Елде мемлекет қаржысынан бөлек, өз ақшасына үй тұрғызып, жұртқа беріп жатқан азаматтар бар. Бұл жолғы баспана кілттерін де сол меценаттар беріп отыр. Жаңа үйдің кілттерін ел президенті Реджеп Тайып Ердоған табыстады.
Зілзала салдарынан жермен жексен болған ғимараттардың орнына салынған үйлер Газиантептің Белпынар ауылында бой көтерді. 60 күнде аяқталған 14 жер үй – жергілікті меценеттың тартуы. Су жаңа үйлердің кілтін ел президентінің өзі табыстады.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:
- 6 ақпандағы жер сілкінісінен 15 күн өткенде жаңа үйлердің іргетасы қаланды. Апат аймағында барлығы 507 мың пәтер мен 143 мың жеке тұрғын үй салынады. Оның 319 мыңы бір жыл ішінде пайдалануға беріледі. 60 мыңға жуық пәтердің іргетасы қаланды. Бұл жұмыс тоқтаусыз жалғасып жатыр. Біздің міндетіміз – жер сілкінісінен зардап шеккен азаматтарды мүмкіндігінше тезірек жаңа заманауи үйлерге көшіру.
4 бөлмелі үйлер тұрмысқа қажетті барлық жиһаздармен жабдықталған. Смарт технологиясы бойынша жасалған үйлердегі жарық, жылу мен суды қашықтан басқаруға болады.
Соңғы деректерге сүйенсек, жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны 50 мың 783 адамға жетті. Оның 7300-і – мигрнаттар. Ішкі істер министрі Сүлейман Сойлудың айтуынша, бұл көрсеткіш тек қайтыс болғандығы жөнінде куәлік алғандарға қатысты. Ал із-түссіз жоғалғандар және бар.