Джо Байден 2024 жылы екінші мерзімге президенттік сайлауға түседі

АҚШ президенті Джо Байден 2024 жылы екінші мерзімге президенттік сайлауға түсетінін мәлімдеді.

Оның басты қарсыласы тағы да республикашыл Дональд Трамп болуы мүмкін. Жасы сексеннен асып бара жатқан АҚШ-тың 46-шы президенті ел тарихындағы ең қарт мемлекет басшысы.

«Джо Байден өзінің үндеуін 25 сәуірде жариялады. Төрт жыл бұрын дәл осы күні алғаш рет президенттікке кандидатурасын ұсынған еді. АҚШ-тың 46-шы президенті «төрт жыл бұрын мен Американың рухы үшін күресіп жатқанымызды айтқанмын. Бұл шайқас әлі де жалғасуда», - дейді.

Үш минуттық бейнеролик «Еркіндік» деген сөзден және Дональд Трамтың жақтастары 2021 жылы 6 қаңтарда Капитолийге шабуылдаған көріністерімен басталады. Ары қарай демократтар ең маңызды мәселелер санайтын түсік жасату құқығы, еркіндік, дауыс беру құқығын қорғау және америкалықтардың әлеуметтік қауіпсіздігі туралы айтады. Байден: «Қазір тынышталатын уақыт емес. Бұл жұмысты бітірейік», - деп отыр.

Дегенмен, бір кем дүние. Байденнің жасына қатысты күдік басым болып тұр. Таяуда жүргізілген қоғамдық сауалнама бойынша оның екінші мерзімге түсуіне тіпті партия ішінде де пікір қайшылықтары бар. Ал NBC News-тің сауалнамасында респонденттердің 70%-ті Байденнің кандидатурасын қолдамаған. 

Джоанна Гарсиа, Кларксвиль қаласының тұрғыны:

- Меніңше, ол сайлауға түспей-ақ қоюы керек. Ол тым қартайып кетті. Менің ойымша жасқа байланысты шектеу қажет. 

Джаред Френзл, Вашингтон қаласының тұрғыны:

- Мен оны қолдаймын. Жақсы болады деп ойлаймын. Ол – Трампқа қарсы жақсы тойтарыс беретін тәжірибелі саясаткер. Оған кім қарсы шығады және нәтижесі қалай болады екен, көреміз.

Егер Джо Байден жеңіске жетсе, 1942 жылы қарашаның 20-сы дүниеге келген ол 86 жасында екінші мерзімін аяқтауы мүмкін. Сондықтан президенттік сайлау науқанында оның қарсыластары қарттығын бетіне басуы әбден ықтимал.

АҚШ президентінің сайлауы 2024 жылы қарашаның 5-і өтеді. Алдымен  кандидатты таңдау үшін Демократиялық және Республикалық партиялар ішкі праймериз өткізеді. 2020 жылы Ақ үйге жол берген Дональд Трамп сайлауға қатысатынын әлдеқашан мәлімдеп қойған.