Хорватияда теңізге мұнай төгілді
Хорватияның Истрия өңірінде де теңізге мұнай төгілді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мамандар жазғы маусым алдында жағалауды тазартуға бар күшін салып жатыр. Алайда нәтиже жоқ. Экологиялық апаттың салдарынан туристік аймақ зор шығынға ұшырауы мүмкін.
Мөлдір суымен көпшілікке танымал Адриатиканың тағы бір атауы – Інжу-маржан теңізі. Тұмса табиғаты көз тартатын өңірге әлемнің түкпір-түкпірінен көптеген турист келеді. Алайда өткен жылы Истрия жағалауында мұнай қалдықтары пайда болды. Теңізді кімнің ластағаны әлі күнге дейін белгісіз.
Сильвана Буттинони, «Natura Histrica» табиғат қорғау ұйымының директоры:
- Қанша ай өтсе де, кінәлілер табылмады. Үш ұйықтасаң, түсіңе кірмейтін жағдай. Тергеу жүріп жатыр деседі. Ал оның нәтижесі әлі жоқ.
Ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұған жергілікті жылу электр станциясының қатысы болуы мүмкін. Қараша айында онда техникалық ақау тіркелген. Алайда станция басшылығы мойындағысы жоқ. Азаматтық қорғаныс қызметі, өрт сөндірушілер мен жергілікті тұрғындар жағалауды бірнеше ай бойы өз күшімен тазартып жатыр.
Мирко Радолович, Тұрақты дамудың өңірлік бөлімінің басшысы:
- Истрия өңірі тазартуға қомақты қаражат жұмсады. Мұны істегендер ақшамызды өтейтініне үміттіміз. Ең бастысы, бұл қайталанбауы тиіс.
Хорватия экономикасында туризмнің үлесі 20%-тен асады. Пандемиядан кейін аяғына тік тұра бастаған бұл салаға күтпеген жерден экологиялық қатер төнді.
Авторы: Бекболат Тұрмаханов.