Әлемде аштық жайлаған елдер саны артып барады
Әлемде қарулы қақтығыс, климаттың өзгеруі және басқа да себептерден көптеген елдерді ашаршылық жайлады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Былтыр азық-түліктің аздығынан зардап шеккендер 250 млн-нан асып кетті. БҰҰ мәселемен күресу үшін шұғыл шараларды қолға алуға шақырып отыр.
Жер шарында азық-түлік жетіспей ашаршылыққа ұшыраған елдердің саны төртінші жыл қатарынан ұлғайып келеді. БҰҰ мәліметіне сүйенсек, қазір әлемнің 58 мемлекетінде 260 млн-ға жуық адам тамаққа мұқтаж. 35 млн тұрғын өлім аузында жатыр. Әсіресе әйелдер мен балаларға қиын. Көп зардап шегіп жүрген де солар.
Кэтрин Рассел, ЮНИСЕФ-тің атқарушы директоры:
- Қазір дүниежүзінде 5 жасқа дейінгі 35 млн бала аш-құрсақ. 149 млн бүлдіршін аштықан бойы өспей азап тартуда. Ал соңғы 2 жылда азық-түлік жоқшылығы жайлаған 15 елде аш-жалаңаш әйелдердің саны 5,5 млн-нан 7 млн-ға өсті.
Аштықтың дендеуіне әсіресе коронавирус пандемиясы түрткі болды. Бүкіл елге тез таралған дерттен барлық сала тұралап, азық-түлік жеткізу механизмі бұзылған. Жаһандағы әскери қимылдардан кейін ахуал тіпті нашарлады.
Ариф Хусейн, БҰҰ-ның дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының бас экономисі:
- 2019 жылы коронавирус таралар алдында әлемде азық-түлік тапшылығынан зардап шеккен адамдардың саны 135 млн еді. Айналдырған бірнеше жылдың ішінде олардың қарасы 2 еседей өсіп, 258 млн-нан асты. Бұл жер жаһанда азық-түлік қауіпсіздігінің күрт нашарлап кеткенін білдіреді.
Әлемде азық-түліктің жетіспеушілігін тудырып көп елдерді ашаршылыққа ұрындырып жатқан басты себептердің бірі – қарулы қақтығыс пен климаттың өзгеруі. Мысалы, ашаршылықтан көз ашпай келе Ауғанстан, Йемен, Нигерия, Сирия, Судан, Эфиопия елдерінде әскери қимылдардың жалғасқанына көп жыл болды. Салдарынан бейбіт тұрғындар бір орында тұрақтап кәсіп ете алмай, бас сауғалауға мәжбүр.
Беске Абдулайе, судандық босқын:
- Ауылымызға әскери адамдар келіп, мал-мүлкімізді тастап қашуға мәжбүр болдық. Қазір көрші елдегі мына лагерьді паналап жатырмыз. Ауызсу мен азық-түлікке зәруміз. Бұл қашанғы жалғасады?
Ал БҰҰ мәліметіне қарағанда, былтыр дүниежүзінде қарулы қақтығыс пен қуғын-сүргіннен босқынға айналған жандардың саны 100 млн-нан асқан. Олардың жартысынан көбі – азық-түлік тапшылығы жайлаған елдердің азаматтары.
Авторы: Дәурен Ақашұлы.