Оңтүстік Кореяның Паджу қаласында балалар қазақ мәдениетімен танысты

«Жыл басы қалай анықталады?». Оңтүстік Кореяның Паджу қаласында жас оқырмандар қазақ қаламгері жазған осы бір ертегімен танысты.

Кездесуге кітап дизайнының авторы, суретші Чун Хен Джин мен Сеулдегі қазақ диаспорасының өкілдері келген. Іс-шара корей балалар мерекесі және Қазақстан мен Корея арасындағы мәдени алмасу жылы аясында өтті. Ал «Жыл басы қалай анықталады?» шығармасының авторы қазақ жазушысы - Кеңес Дүйсен. Ертегі алғаш рет 2017 жылы корей тілінде, одан кейін ағылшын, орыс және қазақ тілінде жарық көрген. 

Ким Хо Сан, Азия мәдени орталығының қызметкері:

- Бүгін балалар Наурыз мерекесімен танысты. Бұл маңызды, өйткені корей қоғамы көпмәдениетті. Бізбен бірге басқа ұлт өкілдері тұрады, оның ішінде қазақтар да бар. Балалар өзге ұлттардың мәдениетін білсе, оларды жақсы түсінеді.

Ким Мин Гю, оқушы:

- «Жыл басы қалай анықталады» кітабы  мен үшін қызық болды. Бүгін мен қазақ биін билеуді үйреніп, бірнеше қазақша сөзді жаттап алдым. Мен Қазақстанда көптеген көлдер мен таулар бар екенін және бұл елдің Кореядан үлкен екенін білдім.