Ресейдің Ржев қаласы үшін талай қазақ сарбазы қаза тапқан

Ел ерлерін ұмытпайды.

Ресейдің Ржев қаласы үшін шайқаста талай қазақ сарбазы қаза тапты.

Жергілікті халық жауынгерлердің сол ерлігін ұмытпайды. Бауырластар қорымында қазба жұмыстары үзілген емес.

Дана Нұржан, тілші:

- Бұл екі бригада, сондай-ақ қазақстанда жасақталған тағы алты құрылым 1942-1943 жылдары Ржев түбінде ерлікпен шайкасты. Ұрыс кезінде жеке құрамның 80 пайыздан астамы мерт болған. Жалпы Ржев үшін қақтығыс екінші дүниежүзілік соғыстағы адам шығыны көп тіркелген қанды текетірес болып тарихта қалды.

100 және 101 жеке атқыштар бригадасына арналған мемориалдық кешеннің мәрмәр тақталарында Қазақстаннан шақырылған он мыңға жуық жауынгердің есімі жазылған. Мемориал Трубино ауылының маңында орналасқан. Елді мекеннің жанында екі мыңнан астам жауынгер жерленген бейіт бар.

Виктор Константинов, облыстың заң шығару кеңесі басшысының орынбасары:

- Соңғы 30 жылда біз жыл сайын 1300-ден 2000-ға дейін жауынгерлердің сүйектерін тауып, жерлейміз. Кейбіреулерінің туысқандары келіп, мәйіттерін  туған жеріне алып кетеді, кейбіреулері  осында Ржев жерінде жатқанын қалайды. 

Қазақ жауынгерлерінің жеңіске коскан үлесін Волоколамск қаласында ерекше құрметтейді. Бұл Алматыда жасақталған Панфилов дивизиясының ерлік көрсеткен жері. 28 панфиловшының Мәскеу үшін  шайқасы тарихта қалды.

Михаил Сылка, аудан губернаторының орынбасары:

- Панфиловшылардың ерлігі әлі күнге дейін Волоколамск жерінің тұрғындарының жадында. Әлі күнге дейін іздеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бірақ өкінішке орай, табылған сүйектің кім екенін тек 10% жағдайда ғана анықтай аламыз.

Қазақстанның Ресейдегі елшілігі жыл сайын әскери даңқ орындарына барып, марқұмдардың рухына тағзым етеді.

Ермек Көшербаев, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі:

- ҰОС қатысқан, халықтың болашағын қанымен, жанымен корғаған ата-бабалалрымызды еске алып отырмыз.  Осындай рухани құндылықтарды сактай отырып, бабалармыздың аруақтарына ізет көрсетуді елшілік жұмысының бір бөлігі деп есептеймін.

Соғыс жылдары майданға 1 миллион 200 мың қазақстандық аттанды. Оның 600 мыңнан астамы туған жерге оралған жоқ. 

Дана Нұржан, Шахзод Гамиров