Берлинде әйелдер арасында дәстүрлі марафон өтті
Спорттық шара 1984 жылдан бері жалғасып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Биыл жарысқа 10 мыңға жуық тұрғын қатысты. Олар 5 және 10 шақырымдық қашықтыққа жүгірді. Бұған дейін пандемияға байланысты марафон тоқтап қалған еді. Биыл сайыстың тағы бір ерекшелігі, оның аясында қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. Спортшылар жарысқа қатысу үшін 1 еуро төледі. Жиналған қаржы обыр ауруына шалдыққандардың көмек қорына бөлінді.
Катя, марафонға қатысушы:
- Жарыс жолы айналмалы болғандықтан, біраз қиындау болды. Дегенмен жақсы жүгіріп өттім. Мәреге шаршамай жеттім. Жүгіру – менің хоббиім. Біраз уақыттан бері жүгірмей кетіп едім. Қазір онымен қайта шұғылданып жүрмін. Бұл сайысқа құрбыларым да қатысты.
Патриция, марафонға қатысушы:
- Жарысқа қатысушылардың көп болуына байланысты кей жерлерде кептелістер болды. Бірақ сайыс өте ұнады. Күн райы да жақсы болды. Мен бұған дейін алыс қашықтықтарға жүгіргем. Бүгінгі марафонға алғаш рет қатысып тұрмын. Себебі обырмен ауратын әйелдерге қолдау көрсеткім келді.