Германия мен Францияда қоқыс сұрыптау мәдениеті қалыптасқан
Германияда қоқысты сұрыптап, жинау дәстүрге айналып кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».
1970 жылдардан бастап ел тұрғындары қалдықты 4 түрлі контейнерге бөліп салады. Әр үйде пластик, қағаз, биоқалдықтар және өзге қоқысқа арналған жәшік бар. Пластик бөтелкелері супермаркет машиналарына тапсырылады. Оның әр данасына 25 цент төленеді. Ескі киім, кітап, аяқ киімді арнайы тұрған контейнерге салып, мұқтаж жандарға жөнелтуге болады. Ал тозығы жеткен жиһаз, диван мен үстелдерден арнайы орталықтарда өзге бұйымдар жасалады. Бұзылып қалған техниканы ереже бойынша экспорттау қызметіне тапсыру – міндет. Оларды далаға шығарып тастаған жағдайда 500 еуро айыппұл салынуы мүмкін. Жол жиегіне немесе орманға лақтырылған көлік дөгелектері үшін 200-ден 1000 еуроға дейін айыппұл қарастырылған. Пикниктен қалған ыдыс-аяқ үшін айыппұл – 35 еуро.
Томас Фишер, қоқысты қайта өңдеу және кәдеге жарату саласындағы сарапшы:
- Германия қоқысты қайта өңдеу бойынша әлемде жетекші орынға ие. Өкінішке қарай, бұл қалдықтардың азаюына әсер етпей тұр. Мәселен, бір жылда 17 млрд пластик бөтелкесі өндіріледі. Біз компаниялардың қайта пайдалануға болатын контейнерлерге ауысқанын қалаймыз.
Қоқысты контейнерлерге бөліп салу тәртібі Францияда да әдетке енген. Мақсатына сәйкес оның түсі әртүрлі. Сары қақпағы бар резервуар – бұл қайта өңдеуге болатын қалдықтар. Жасыл түстісі жалпы қоқысқа арналған. Егер ескі жиһаздан, техникадан арылу қажет болса, қалалық әкімдіктің сайтында өтінім толтырып, белгіленген уақытта жол бойына қалдыру керек. Бұл процедура тегін. Ережені бұзған жан 35 еуро немесе шамамен 17 мың теңге айыппұл төлейді.