Украинада егіс алқаптары қысқарды
Украинада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы ырыққа бағынбай тұр.
Тек соңғы айда көкөніс түрлері 40 процентке қымбаттады. Оның себебін мамандар биылғы егіс алқабының қысқаруымен байланыстырады. Жалпыукраиналық аграрлық кеңестің мәліметінше, Украинада егіс алқаптарының аумағы 25 процентке азайды.
Мемлекеттік статистика қызметінің мәліметінше, Украинада бір жылда азық-түлік бағасы 31%-ке шарықтады. Сондай-ақ ай сайынғы инфляция 1,5%-ға дейін өсіп отыр. Әсіресе ет пен нан өнімдерінің бағасы құбылды.
Юлия Кухоренко, Киев қаласының тұрғыны.
- Күнделікті азық-түлікке қазір 800 гривень жұмсаймын, бір жарым ай бұрын бұл себет 400 гривень шамасында еді. Себетке ет пен көкөніс түрлері енеді. Шет елдік тауарларды түсінуге болады, сарымсақтың бағасы неге шарықтап кеткенін білмедім.
Татьяна Сидоренко, зейнеткер:
- Ет бағасы 110, одан кейін 150, енді міне 210 гривеньге жетті. Баға деген көз ілеспейтін жылдамдықпен өсуде.
Евгения Винич, студент:
- Азық түліктен бөлек кофенің бағасы он гривеньге артты. Косметика сияқты заттардың шарықтауы өз алдына.
Ішкі нарықтағы азық- түліктің еселеп шарықтауын - мамандар биылғы егіс алқабының қысқаруымен байланыстырады. Жалпыукраиналық аграрлық кеңес мәлім еткендей, биыл Украинадағы егіс алқаптарының аумағы 25 процентке қысқарды. Бұл дегеніміз 7 миллион гектарға жуық жер - астық өсіруге жарамай қалған. Диқандардың егін егуге жеткілікті қаражаты жоқ, қауіпсіздік мәселесі тағы бар. Сондықтан 5 миллион гектар жер биыл егілмей бос қалды. Әрине мұндай фактор - елдегі азық-түлік бағасына тікелей әсер етті.
Денис Марчук, жалпыукраиналық аграрлық кеңес төрағасының орынбасары:
- Осы егіс науқанында шамамен 7 миллион гектар жерді пайдалану мүмкін болмады. Жалпы, 19 миллион гектарға жуық жерге егін егу жоспарланып отыр. Негізінде, өткен жылы тауар өндірушілерден біраз қорымыз болса, биыл бұл қор таусылды. Экспорт жұмыс істеп тұрса да, украиналық тауар өндірушілердің мол бөлігі астыққа арналған жер телімін нарық бағасынан тым арзанға сатып жіберді.
Ал 1 шілдеден бастап жанармай құю бекеттерінде бензин бағасы да бірден 20 процентке шарықтауы мүмкін. Өйткені ел үкіметі мұнай өнімдеріне салынатын салық, яғни акцизды қайтару туралы шешім шығарды. Сәйкесінше бір литр бензин құны 46 гривеннен 70 ке, яғни біздің ақшамен 852 теңгеге көтерілуі ықтимал.
Авторы: Аида Қыдырбай