Испаниядағы су қоймасы тартылып қалды

Испанияның оңтүстігіндегі алғашқы су қоймасы біржола тартылып қалды.

8 жарым миллиондай адам тұратын Андалусия автономды аймағында сәуірден бері күн қатты ысып тұр. Ауа температурасы рекордты деңгейге жеткен. Халық ауызсуды тасымалмен алдырып отыр.

Мына жерде үлкен су қоймасы болды дегенге сену өте қиын. Сьерра Бойера қоймасының суын Кордоба провинциясындағы 27 аудан мен 16 ауылда тұратын 72 мың адам тұтынатын. Енді олар күнде ауызсу таситын көлікті сарылып күтуге мәжбүр. Әкімшілік тіршілік нәрін бірінші кезекте мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарттарға беру жағын бақылауға алған. 

Мариа Долорес Херрера, жергілікті тұрғын:

- Үйде ағып тұрған судың дәмі өте жаман болып кетті. Түсі де біртүрлі. Жасыл ма, сары ма, сондай бірдеңе. Ол суды ішу мүмкін емес. Тек тазалық жасауға немесе кір жууға пайдаланамыз. Ішетін немесе ас әзірлейтін суды күнде келіп, көліктен аламыз. 

Мамандар құрғақшылықтың кесірінен аймақтағы экожүйе бұзылды дейді. 550 гектар аумақты алып жатқан су қоймасындағы барлық балық қырылып қалған.  

Силвиа Мелладо, Фуэнте-Обехуна қаласының мэрі:

- Біз "Сьерра Бойера қоймасы суалады" деп өткен жаздан бері ескертумен болдық. Бұл аймақта жаз ғана емес, қыс та өте құрғақ болды. Бір тамшы жаңбыр жаумады. Енді барлық әкімшілік мекемелері бұл қиындықты қалай еңсереміз деп бас қатырып жатыр. 72 мың халықтың ауызсумен қамтамасыз ету оңай шаруа емес. 

Тіршілік нәрінің құрып кетуіне аптап ыстық себеп. Қазір Испания аумағының 30 пайызын құрғақшылық жайлаған. Үкімет қуаңшылыққа байланысты төтенше апат жағдайын жариялады.