АҚШ-та Қазақстанмен сауда қатынасын реттейтін заң жобасы ұсынылды

АҚШ Конгресінде Қазақстанмен тұрақты сауда қатынасын орнату туралы заң жобасы ұсынылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нақтырақ айтсақ, Қазақстаннан импортталатын өнімдерге кедергіні алып тастау қарастырылған. Егер құжат қабылданса, екі ел арасындағы тұрақты саудаға толық мүмкіндік бермейтін Джексон-Вэник түзетулерінің күші жойылады. Осыдан 48 жыл бұрын Кеңес Одағына салынған шектеулер Қазақстаннан әлі күнге дейін алынбаған. Біздің телеарна тілшілері бұл мәселені бірнеше рет көтерген еді.

Нұрбек Бекен, тілші:

- 1974 жылы конгрессмендер Генри Джексон мен Чарльз Вэник Кеңес Үкіметімен сауда-саттықты шектейтін заңға түзетулер енгізуді ұсынады. Терең байланысқа кедергі келтіретін бұл құжат Джексон-Вэник түзетулері деген атаумен таныс. Ол тіпті Кеңес Одағының мұрагері Ресейден әлдеқашан алынған. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері осы Джексон-Вэник түзетулерінің күшін жою жөнінде бірнеше мәрте ұсыныс жасады.

Бұл жолы құжат жобасын ұсынған депутаттардың бірі Дарин Лахуд Қазақстанға қатысты осы ескірген түзетулерді алып тастау АҚШ-тың Орталық Азиядағы сауда мүдделерін нығайту үшін ақылға қонымды қадам, - деді. Яғни, 1974 жылғы сауда туралы заңның 4-ші бөлімін Қазақстан өнімдеріне қолдануды тоқтату керегін айтып отыр. 

Ариэль Коэн, Атлантикалық сараптама одағының ғылыми қызметкері:

- Бұл түзетулер еврейлердің көші-қонына кедергі жасаған Кеңес одағына қарсы салынған шектеу болатын. Бірақ Одақтың ыдырағанына 30 жыл болды, Джексон-Вэник ескі заманның сарқыншағы. Қазіргі Қазақстанға мүлдем қатысы жоқ. Шектеудің әлі де заңда болуы екіжақты байланысқа кері әсерін тигізіп жатыр. Сондықтан оны алып тастайтын уақыт әлдеқашан жетті.

118-ші Конгресс депутаттары енгізген ұсынысты алдымен өкілдер палатасы мақұлдауы керек. Одан әрі Сенаттың қабылдауына жіберіледі. Жалпы Конгресстің төменгі палатасындағы депуттар 2 жыл сайын сайланады. Қазіргі халық қалауларының мерзімі 2024 жылдың соңына дейін жалғасады. Олар осы уақыт аралығында өздері ұсынған құжатты қабылдап кетуі керек. Ал мақұлданбай қалса, бұл жұмыстарды жаңа депутаттармен қайта бастауға тура келеді. Бірақ Елші Ержан Ашықбаев осы жолы бәрі сәтімен аяқталатынан сенеді.

Ержан Ашықбаев, ҚР-ның АҚШ-тағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Джексон-Вэник түзетулері күшін жояды деген сенім бар. Сондықтан бұл бағытта да жұмысымызды жалғастыратын боламыз.

Нұрбек Бекен, тілші:

- Былтыр Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда айналымы 40%-ке артып, 3 млрд долларға жетті. Егер Джексон-Вэник түзетулері алынып тасталса, бұл көрсеткіш одан әрі артады, - дейді сарапшылар. Қазақстанға қатысты осы Джексон-Вэник түзетулері осымен Конгресс қаруына 12-ші рет жіберіліп отыр.

Авторлары: Нұрбек Бекен.