Түркияда президент сайлауының екінші туры өтіп жатыр. LIVE
Түркияда бүгін президенттік сайлаудың екінші туры болып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Туыстас жұрт елді 5 жыл бойы басқаратын президентті сайлайды.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Бұл жолы да халық белсенді. Таң сәріден бастап сайлау учаскелерінде халық кезекте тұр. Түркияда 2 сағат бұрын жалпыхалықтық сайлау басталды. Саяси дода жергілікті уақытпен таңғы сағат 08:00- 17:00 арасында өтеді. Бүгін 191 мыңнан астам сайлау учаскесінде 60 млн 721 мың 745 кісі дауыс береді. Бұл 2 апта бұрынғы сайлаушылардан шамамен 3 мыңға көп. Себебі 14 күннің ішінде осынша адам 18 жасқа толған. Жалпы елде сайлаушылардың басым бөлігі 3 ірі қалада орналасқан. Ыстамбұлда – 11, Анкарада – 4, Измирде – 3,5 млн. Ал жер сілкінісі болған аймақта 9 млн-нан астам сайлаушы бар.
Еске сала кетейік, 14 мамырда өткен жалпыхалықтық сайлауда дауыс беру құқығына ие 85,6% азамат қатысқан. Айта кетейік, Президенттікке үміткерлердің ешбірі жеңіске қажетті 50%-тен астам дауыс ала алмады. Елдің қазіргі президенті, Республикалық альянс коалициясының өкілі Режеп Тайып Ердоған 49,52%, ал оның оппозициялық қарсыласы «Халық альянсынан» үміткер Республикалық халық партиясының жетекшісі Кемал Кылычдароғлу 44,88% дауыс жинады. Билікке талас осы екеудің арасында өтпек. Ердоғанның Ыстамбұлда Саффет Чеби мектебінде жергілікті уақытпен сағат 11 мен 1 арасында, ал Кылычтароғлуның Анкарадағы Аржантин мектебінде дауыс беретіні белгілі. Сайлаушылар Түркия Республикасының сәйкестендіру нөмірі бар ресми құжаттардың бірімен дауыс бере алады. Дауыс беру орнына бейнетіркегіштермен немесе ұялы телефондар, фотоаппараттар немесе кинокамералар сияқты байланыс құралдарымен кіруге тыйым салынады. Сайлау нәтижесі саяси процесі аяқталысымен 1 сағаттың ішінде алдын-ала нәтижелері жарияланды деп күтілуде. Сондай-ақ шетелдегі сайлау 20-24 мамыр аралығында өтті. Әзірге сағат сайынғы нәтижелер жарияланған жоқ.