Вьетнамда аптап ыстықтың беті қайтпай тұр
Үнемдеген ұтады.
Осылай деген Вьетнам билігі ел астанасы Ханойда көшедегі жарықты уақытынан бұрын өшіретін болды. Әйтпеген жағдайда энергетика кешендері қазіргідей ыстыққа шыдас бермеуі мүмкін. Азияның өзге елдерінде де аптап ыстық орнады. Мәселен, кеше Қытайдың қаржы орталығы - Шанхайда кейінгі 100 жылда болмаған рекордтық температура тіркелді.
Вьетнамда аптап ыстықтың беті қайтпай тұр. Мамырдың басында ел тарихында ең жоғары температура тіркелген. Ол кезде сынап бағанасы 44 градустқа жетті. Қазіргі көрсеткіш одан төмендеу. Дегенмен күн шыжып тұр. Синоптиктер мұндай жағдай маусымға дейін жалғасатынын болжайды. Кейбіреулер далада субұрқақтардың жанынан сая тапса, басқалары желдеткіш қосып үйден шықпауды жөн санайды. Тиісінше елдің энергетикалық жүйесіне түскен салмақ артқан. Осыған байланысты электр қуатын үнемдеу үшін Вьетнам астанасы Ханойда қоғамдық орындарды жарықтандыру жүйесі өшіріліп отыратын болды.
Луонг Минь Цуан, Vietnam electricity өкілі:
- Қазір елдің энергетикалық жүйесінің жүктемесі артқан. Осылай жалғаса беретін болса, ол істен шығуы мүмкін. Мұндай жағдайды болдырмау үшін тұрғындар электр энергиясын үнемдеу керек.
Тран Мин Чунг, Ханой тұрғыны:
- Балаларымды бассейнге алып келдім. Мына ыстықтан басқаша сая табуға болмайтын сияқты.
Шанхайда күн шыжып тұр
Қытайда да күн шыжып тұр. Шанхайда кейінгі 100 жылда болмаған температуралық рекорд тіркелді. Кеше шаһарда сынап бағанасы 36,1 градусты көрсеткен. Сарапшылар мұның бәрі жаһандық жылынудың салдары екенін айтады. Шахайда былтыр да ыстық болды. 365 күннің елуінде температура 35 градустан төмендеген емес.
Лю Цинь, саяхатшы:
- Күн жылдан жылға ыстық болып барады. Мамандар бұл климаттың өзгеруінің салдары дейді. Сондықтан әркім қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау керек. Әйтпесе мына түрімізбен адамдарды өмір сүруі қиындап кетеді.
Аптап ыстық Азияны жайлады
Жалпы, Азияның өзге өңірлерінде аптап сақталып тұр. Мәселен, Үндістанда рекордтық температура тіркелген. Таиланда да ұқсас жағдай. Жақында Бангладеште кейінгі 60 жылда болмаған ең ыстық ауа райы орнады. Қытай мен Үндістанда көп көліктің әсері де бар. Бөлінетін зиянды қалдықтар қоршаған ортаны ластайды. Сонымен қоса зауыт-фабрикалардың улы газдары тағы бар. Жақында БҰҰ-ның өкілдері 2023-2027 жылдар адамзат тарихындағы ең ыстық бесжылдық болуы мүмкін екенін ескерткен еді.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева